АСТАНАДА АГРАРЛЫҚ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ СТУДЕНТТЕРІ АРАСЫНДА AGRO IQ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫҚ КВИЗІ ӨТТІ

АСТАНАДА АГРАРЛЫҚ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ СТУДЕНТТЕРІ АРАСЫНДА AGRO IQ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫҚ КВИЗІ ӨТТІ

Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында Астана қаласында аграрлық мамандықтар бойынша білім алып жатқан студенттер арасында «AGRO IQ: Білім және болашақ» республикалық интеллектуалдық квизі өтті. Зияткерлік сайысқа 70-тен астам студент қатысып, 12 команда бақ сынады.
Финалдық кезеңде еліміздің үш жетекші аграрлық жоғары оқу орны – С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті және Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің үздік командалары бас қосты.
Жобаның ұйымдастырушылары – «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ, Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) және С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті.
Іс-шараның ашылу салтанатында «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Кулибек Шопанов пен С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің ректоры Қанат Тіреуов сөз сөйлеп, аграрлық білім беруді дамыту, болашақ мамандардың кәсіби әлеуетін арттыру және жастардың салаға қызығушылығын қалыптастыру мәселелерінің маңыздылығын атап өтті.
Аграрлық білім беру саласындағы мұндай жобалардың маңыздылығы студенттер санының артуымен де байланысты. Қазіргі таңда «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығына» қарасты үш жоғары оқу орнында аграрлық мамандықтар бойынша 10 172 студент білім алуда. Сонымен қатар еліміздің басқа 20 жоғары оқу орнында аграрлық бағыттар бойынша 8 894 студент оқиды.
Квиз барысында қатысушылар агрономия, ветеринария, мал шаруашылығы, агроинженерия, цифрлық ауыл шаруашылығы және басқа да салалар бойынша білімдерін сынады. Сайыс студенттердің кәсіби білімін ғана емес, логикалық ойлау, жылдам шешім қабылдау және командада жұмыс істеу қабілеттерін де бағалауға мүмкіндік берді.
Интеллектуалдық сайыстың қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
🥇 I орын – «Ой ордасы» командасы, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті.
🥈 II орын – «Ақыл және достары» командасы, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті.
🥉 III орын – «АГРО ҚЫРАН» командасы, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті.
🏆 Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар мен марапаттар табысталды. Ал бас жүлде иегеріне AGRO IQ ауыспалы кубогы берілді.
Іс-шара аясында студенттерге кәсіби құзыреттіліктерді дамыту бойынша тренингтер өткізіліп, аграрлық саланың заманауи үрдістері туралы дәрістер ұйымдастырылды.
Сонымен қатар үздік ойыншыларға Германиядағы DEULA-Nienburg практикалық оқыту орталығында өндірістік практикадан өту мүмкіндігі ұсынылды.
AGRO IQ жобасы болашақ аграрлық мамандардың зияткерлік және кәсіби әлеуетін дамытуға, аграрлық білімді насихаттауға және жастардың ауыл шаруашылығы ғылымы мен технологияларына қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Ұйымдастырушылар жобаны жыл сайын өткізіп, оны аграрлық жоғары оқу орындары студенттерінің дәстүрлі интеллектуалдық алаңына айналдыруды жоспарлап отыр.
---------Chatbot---------
виртуальный помощник