KazNARU-да ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУЛЕРДЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ПЕН ЦИФРЛЫҚ ҚҰРАЛДАРДЫ ҚОЛДАНУҒА АРНАЛҒАН ҚОНАҚ ДӘРІС ӨТТІ

KazNARU-да ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУЛЕРДЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ПЕН ЦИФРЛЫҚ ҚҰРАЛДАРДЫ ҚОЛДАНУҒА АРНАЛҒАН ҚОНАҚ ДӘРІС ӨТТІ

2026 жылғы 14 қарашада Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Агробиология факультетінде «Ғылыми зерттеулер жүргізуде жасанды интеллект құралдарын пайдалану мүмкіндіктері» тақырыбында қонақ дәріс өтті. Дәрісті Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Жаратылыстану және география факультетінің аға оқытушысы, PhD, постдокторант Индира Райымбекова жүргізді.

Дәріс барысында жасанды интеллекттің ғылыми зерттеулердегі рөлі, цифрлық технологияларды тиімді пайдалану жолдары және олардың зерттеу жұмыстарының сапасын арттырудағы мүмкіндіктері қарастырылды. Атап айтқанда, ғылыми әдебиеттерді іздеу және жүйелеу, зерттеу сұрақтарын нақтылау, жарияланымдарға библиометриялық талдау жүргізу және ғылыми деректерді визуализациялау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қатысушыларға Dimensions платформасы арқылы ғылыми жарияланымдарды іздеу, нәтижелерді сүзгілеу және сұрыптау, дәйексөз көрсеткіштері мен альтметрикалық деректерді талдау тәсілдері таныстырылды. Сонымен қатар ғылыми еңбектерді зерттеу бағыттары мен БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына сәйкестігі бойынша бағалау мүмкіндіктері түсіндірілді.

VOSviewer бағдарламасының көмегімен авторлар арасындағы ғылыми байланыстарды, дәйексөздер мен кілт сөздердің өзара байланысын көрсететін библиометриялық карталарды құру жолдары көрсетілді. Power BI құралдары арқылы зерттеу деректерін өңдеу және көрнекі түрде ұсыну әдістері қарастырылды. Ал Elicit платформасының мүмкіндіктері ғылыми әдебиеттерді зерттеу сұрағы негізінде іздеу, тақырыптың зерттелу деңгейін бағалау және әдебиеттерге шолуды жүйелеу бағытында таныстырылды.

Бұдан бөлек, NotebookLM және Padlet цифрлық платформаларын ғылыми және білім беру үдерісінде қолдану жолдары түсіндірілді. NotebookLM ғылыми және оқу материалдарын талдау құралы ретінде, ал Padlet ақпараттарды ортақ цифрлық кеңістікте жинақтап, бірлескен жұмысты ұйымдастыруға арналған платформа ретінде ұсынылды.

Қонақ дәріске қатысқан студенттер, магистранттар, докторанттар мен профессор-оқытушылар құрамы ұсынылған цифрлық құралдарға ерекше қызығушылық танытып, осындай тәжірибелік бағыттағы кездесулерді алдағы уақытта да ұйымдастыру туралы ұсыныстарын білдірді.

Іс-шара соңында Индира Райымбековаға мазмұнды дәрісі үшін алғыс айтылып, авторлық оқулықтар сыйға тартылды.

Қонақ дәрісті KazNARU-дың «Топырақтану, агрохимия және экология» кафедрасының профессоры Б. Махамедова ұйымдастырды.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник