KazNARU ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ 9350 МЕКТЕП ТҮЛЕГІМЕН КЕЗДЕСТІ
2026 жылғы 18 қарашада Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде (KazNARU) Жамбыл облысындағы 147 мектептің 9 350 оқушысын қамтыған «Мамандықты дұрыс таңдау – болашаққа бастар жол!» тақырыбында кәсіби бағдар беру кездесуі өтті. Офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылған шараның басты мақсаты – мектеп бітірушілерге болашақ мамандығын саналы таңдауға бағыт-бағдар беру және университеттің білім беру мүмкіндіктерімен таныстыру.
Кездесуге Жамбыл облысы білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің басшылары, мектеп директорлары, сынып жетекшілері, кәсіби бағдар беруші педагогтер, университет оқытушылары мен студенттері қатысты.
KazNARU-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры, ветеринария ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлмира Алпысбаева мектеп түлектеріне мамандық таңдаудың маңыздылығына тоқталып, университеттің білім беру бағыттары мен кәсіби даму мүмкіндіктерін таныстырды.
Шара барысында оқушыларға университеттің білім беру бағдарламалары, халықаралық ынтымақтастығы, академиялық ұтқырлық мүмкіндіктері және студенттік өмір туралы ақпарат берілді. Факультеттер мен «Бизнес және құқық» жоғары мектебінің өкілдері мамандықтардың ерекшеліктері мен даярлау бағыттарын таныстырды. Сондай-ақ әскери кафедраның қызметі, спорттық мүмкіндіктер және халықаралық серіктестік туралы бейнематериалдар көрсетілді.
Кездесудің маңызды бөлігінде түрлі білім беру бағдарламаларында оқитын студенттер, соның ішінде мемлекеттік білім грантының иегерлері мектеп түлектерімен өз тәжірибелерімен бөлісті. Олар мамандық таңдау, білім грантын иелену, университеттегі оқу үдерісі мен студенттік өмірдің ерекшеліктері туралы әңгімеледі.
Жиын соңында сұрақ-жауап бөлімі ұйымдастырылып, мектеп бітірушілер өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алды. Мұндай кездесулер мектеп пен университет арасындағы байланысты нығайтып, жастардың қабілеті мен қызығушылығына сай мамандық таңдауына және болашақ кәсіби жолын саналы жоспарлауына ықпал етеді.