KazNARU

ҚазҰАЗУ мен СЫЧУАНЬ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ ҒЫЛЫМДАРЫ АКАДЕМИЯСЫ (ҚХР) АРАСЫНДА ӘРІПТЕСТІК БАЙЛАНЫС НЫҒАЙЫП КЕЛЕДІ

2023 жылдың 18 шілдесінде ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы-Ректордың орынбасары, в.ғ.д., профессор Пірімқұл Ибрагимов Қытайдың Сычуань ауылшаруашылық ғылымдары академиясының (SAAS) Вице-президенті, пофессор Лиу Йонхонг бастаған делегациямен кездесті.

Кездесуге Қытай тарапынан SAAS бөлім бастығының орынбасары, профессор Ху И, SAAS деканы профессор Ли Зинхуа, деканы, профессор Жианг Жун, SAAS профессоры доктор Ианг Сонтао, SAAS профессоры доктор Лиу Ши, Орталық Азияның экология және қоршаған ортаны қорғау зерттеу орталығының (Almaty) басшысы – Думан Иманмади және ҚазҰАЗУ басшылығы мен ғалымдары қатысты.

Кездесу барысында ҚазҰАЗУ мен Сычуань ауылшаруашылық ғылымдары академиясы арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ білімі мен ғылымын дамытуға қатысты мәселелер талқыланды.

Пірімқұл Ибрагимов ҚазҰАЗУ мен Қытай жоғары білім беру және ғылыми ұйымдары арасында орнаған байланыстар туралы атап өтті.

«Атап айтқанда, биылғы жыл басынан бері ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы-Ректор, ҚР ҰҒА вице-президенті, академик Ақылбек Күрішбаев Қытай Ғылым академиясының, Қытай ғылымдар Академиясы Шыңжаң бөлімшесінің, Хэнань провинциясының Білім департаментінің, Хэнань Ауылшаруашылық университетінің, Ветеринариялық ғылыми зерттеу иниститутының, Шаньдун Малшаруашылық және ветеринариялық мамандандырылған Колледжінің, Ланьчжоу университетінің делегацияларын қабылдап, бірқатар ғылым-білім саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі іс-шаралар жүйесі мен бірлескен жобаларды жүзеге асыруды бастаған болатын. Бүгін, міне, іргесі 1938 жылы құрылған Сычуань ауылшаруашылық ғылымдары академиясымен бірге алдағы уақытта атқарылатын қызықты жобаларды талқыламақпыз», - деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.

Өз кезегінде SAAS Вице-президенті, пофессор Лиу Йонхонг академия туралы ақпаратпен бөлісті. Штаб-пәтері Чэнду қаласында орналасқан Сычуань ауылшаруашылық ғылымдары академиясының 14 ғылыми-зерттеу институты, 1 қызмет көрсету мекемесі, 1 жеке филиалы және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен бірлескен 10 филиалы бар.

Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік салаларда дәнді дақылдар, тауарлық дақылдар, жем-шөп, дәстүрлі қытай шөптері, мал шаруашылығы, аквамәдениет және саңырауқұлақтарды зерттеу сияқты, соның ішінде, дақылдарды өсіру және өндіру, өсімдік шаруашылығы жүйесі, өсімдіктерді қорғау, топырақ және тыңайтқыштар, ресурстар және қоршаған орта, биотехнология, микроорганизмдер, ядролық технологиялар, жібек шаруашылығы, талдау және тестілеу, агродистанциялық зондтау, агроақпараттық технологиялар, агроөнімдерді сақтау және өңдеу, агроэкономика сынды 60 пәнді қамтиды. SAAS әлемдегі ауылшаруашылық ғылымы мен техникасының алдыңғы қатарлы озық үлгілерін өндіріске енгізуге және түпнұсқа инновацияларға үлкен мән береді.

Тараптар агроөнеркәсіп кешеніндегі инновацияларды дамыту және қоршаған ортаны қорғау және тұрақты ауыл шаруашылығы саласында бірлескен ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру бойынша ынтымақтастыққа мүделлі екендіктерін білдірді.

Сондай-ақ, екі жақ:

- ғылыми жобалар бойынша тәжірибе және ақпарат алмасу;

- бірлескен ғылыми зерттеулерді дамыту;

- трансшекаралық өзендерді пайдалану бойынша зерттеулер жүргізу;

- табиғи тәтті картоп өсіруді бірлесе жүзеге асыру;

- профессорларды дәріс оқуға және практикалық сабақтар өткізуге шақыру;

- жас ғалымдардың тағылымдамадан өтуін қамтамасыз ету бойынша жобаларды жүзеге асыруға келісті.

Кездесу соңында Пірімқұл Ибрагимов университет басшылығы атынан өзара серіктестік қарым-қатынастарды дамытуға ниет білдіргені үшін SAAS жағынан келген әріптестеріне алғыс білдіріп, бұл бағытта жаңа бастамаларды бірлесе жүзеге асыруға әзір екендіктеріне сендірді.

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник