KazNARU

АУЫЛ МЕН ТУҒАН ЖЕРДІ ЕРЕКШЕ ЖЫРЛАП ӨТКЕН АРҚАЛЫ АҚЫН

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай «Жырлайды жүрек» атты әдеби-сазды кеш болып өтті.

✅ Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,

Жыр жазсам, жұртым менің елеңдестің, - деп туған жерін, өскен өлкесін поэзия әлемінде мәңгілік кестелеп кеткен ақынның көп өлеңдері ауыл тақырыбына арналғанын ел жақсы біледі.

Қойнауына құт дарыған, шатқалынан шаттығы тасыған кез-келген ауыл – ырыс-береке мен мерекенің құтты мекені, ынтымақтың отаны. Ауыл – қазақтың алтын тамыры, ұлтымыздың ұйытқысы.

✅ Сондықтан да болар, білім алушылардың басым бөлігі ауылдан шыққан KazNARU жастары ақиық ақын Мұқағалидың туындыларын жанындай жақсы көретіндерін көрсетіп, төгілген жыр мен әсем әндерді сүйсіне тыңдады.

Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы,

Бұдан артық рахат табылмайды.

Бұлдырасын өткен күн сағымдай бір,

Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы.

Әңгімеле тауын да, даласын да,

Қырқасын да, сайын да, саласын да – деген сағынышты жолдар жиналған әрбір жанның көңілдерін толқытқаны анық.

✅ Ақынның туындылары жастарды туған жерін сүюге, Отанды қастерлеуге, ұлтжандылыққа тәрбиелеуге шақыратыны өз алдына, буырқана ағылған жыр жанартаулары халық үшін таусылмайтын сый, мол қазына болып қала беретіндігі ақиқат.

✅ Әдеби-сазды кеште «Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы»,

«Бақ мекен», «Бабаларым, рақмет сендерге», «Қойлы ауылда», «Шеше, сен бақыттысың», «Махамбеттер, Абайлар-ай», «Фаризаға», «Бір ән бар, бүгінгі ұрпақ естімеген», «Пай, пай, өмір» атты өлеңдер оқылып, ақынның сөздеріне жазылған «Сенің көзің», «Есіңе мені алғайсың», «Мен деп ойла», «Ұнатамын мен сені», «Отыздан асып барамын» әндері орындалып, күмбірлеген күйлер тартылды. Сондай-ақ, ақынның махаббат тақырыбына жазылған шығармалары негізінде дайындалған әдеби-музыкалық қойылым көрермендер көңілінен шықты.

«Ветеринария» факультетінің 1 курс студенті Қайрат Меруерт, 2 курс студенті Балжан Бекзақ, «Зооинженерия және тағам өндірісінің технологиясы» факультетінің 1-курс студенті Алуа Алдибек, «Су, жер және орман ресурстары» факультетінің 1 курс студенті Нұргелді Нұрболды және «Albeni`s» триосы, «Еркеназ» би тобының өнерлері де жиналған қауымды тәнті етті.

✅ «Университетімізде өте жақсы дәстүрге айналған бұл іс-шара биылғы жылы өзгеше форматта ұйымдастырылды. Біріншіден, әдеби-сазды кештің бағдарламасы мен сценарийін Студенттік өзін-өзі басқару ұйымы өздері дайындап, мерекелік концертті өз күштерімен ұйымдастырды. Екіншіден, ақын шығармашылығына қызығатын барлық білім алушылардың, әсіресе 1-2 курс студенттерінің сахнаға шығып, өз өнерлерін көрсетулеріне барынша мүмкіндік берілді. Әсіресе, Мұқағали Мақатаевтың дауысы жазылған бейнеролик жастарғада, үлкендерге де қатты ұнап, ұмытылмас әсер қалдырды», - дейді Тәрбие істері жөніндегі департаменттің директоры Әсима Ералиева.

✅ Бүгінгі таңда университет студенттері арасында Мұқағали туындыларын сүйіп оқумен қатар, өздері өлең жазатын талантты жастар да жетерлік. Солардың бірі, «Агробиология» факультетінің студенті Жұбатқан Рамазан өз арнауын тебірене оқып, ақынға деген ілтипатын поэзия жолдарымен жеткізді.

✅ Тастап кеткен аңызыңа жүгінгем.

Жүгінгем де, қайта туғам, тірілгем:

Тарихымды жазудамын бүгін мен,

Бабаларым, сенің Ана тіліңмен!..

Деп ғасыр қойнауынан күмбірлете тіл қатқан арқалы ақынның шығармашылығына арналған іс-шаралар факультеттер мен студенттік жатақханаларда жалғасуда.

KazNARU Баспасөз қызметі

 

---------Chatbot---------
виртуальный помощник