KazNARU «ҚАЛАНЫҢ ЕҢ КӘРІ АҒАШЫ» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА БАУМ ТОҒАЙЫНДА АҚПАРАТТЫҚ ТАҚТАЙША ОРНАТТЫ
2025 жылғы 27 қыркүйекте Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің (KazNaru) «Жасыл Ел» еңбек жасағы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Алматы қаласындағы Мемлекеттік табиғи ескерткіш – Баум тоғайында экологиялық іс-шара өткізді.
Акция барысында студент-жастар тоғай аумағын қоқыстан тазартып қана қоймай, Алматыдағы ең көне ағаштардың бірі саналатын емендерді тамашалады. Жасы ғылыми тұрғыда анықталып, ең кәрі ағаш есептелетін бұл емендерге арнайы ақпараттық тақтайшалар орнатылды. Аталған бастама студенттердің экологиялық мәдениетін арттыруға, табиғатты қорғау мен аялауға тәрбиелеуге бағытталды.
Бағдарлама шеңберінде экология саласының мамандары мен ғалымдары сөз сөйлеп, тоғайдың тарихы, қазіргі жағдайы және оны қорғау шаралары туралы баяндады. KazNaru тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Асима Ералиева және Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасының басшысы Мирас Гайсин құттықтау сөз сөйледі.
Сонымен қатар, Медеу өңірлік табиғи паркінің бас орманшысы, университет түлегі Ұзак Мыкитанов, KazNaru профессорлары, а.ш.ғ. докторлары Бұлқайыр Мамбетов пен Талғат Кертешев және Қазақ Өсімдік Қорғау және Карантин ҒЗИ бөлімінің жетекшісі Нұржан Мухамадиев ғылыми деректермен бөлісті.
Айта кетейік, Баум тоғайы атақты орманшы-ғалым, Жетісу өңірінде көгалдандыру ісіне ерекше үлес қосқан Эдуард Баумның құрметіне аталған. Қазіргі таңда 140 гектар аумақты алып жатқан тоғайда 49 түрлі ағаш өседі. Әсіресе күзгі маусымда табиғат аясы ерекше түстерге оранып, қала тұрғындарына әсем көрініс сыйлайды.
KazNaru «Таза Қазақстан» акциясы басталған сәттен бері оны тұрақты түрде қолдап келеді және қоғамға табиғатты қорғаудың, экологиялық мәдениетті дамытудың маңызын кеңінен насихаттауды жалғастыруда.
KazNARU Баспасөз қызметі