2025 жылдың 8 тамызында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің (ҚазҰАЗУР ) Жасыл және тұрақты даму институтында табиғи ресурстарды тұрақты басқаруға, биоалуантүрлілікті дамытуға және Қазақстан мен Қырғызстандағы көне алма сорттарын сақтауға бағытталған «Экожүйелер мен биоалуантүрлілікті қорғау жөніндегі Қазақстан-Германия институтының» жұмыс тобының отырысы өтті.
Халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Рафис Абазовтың төрағалығымен өткен жиында қатысушылар өткен академиялық жылдың қорытындыларын талқылап, институттың 2025–2026 жылдарға арналған жол картасын әзірлеу жоспарын бекітті. Күн тәртібіндегі басты тақырып — қазіргі барлық алма сорттарының арғы тегі болып саналатын, бірегей түр – Сиверс алмасы.
Негізгі бастамалардың қатарында «Жасыл апта» бағдарламасы аясында Сиверс алмасы жөнінде дәріс ұйымдастыру, экологиялық білім беру, тұрақты даму мақсаттарын ілгерілету, өнімділікті талдау мен тұқым жинау үшін ұлттық паркке шығу, сондай-ақ өнімнің сынамалық жиынын дайындау бар. Ерекше назар жасыл желектердің түгендеуіне және нәтижелерін 2025 жылғы қазанда ұсыну мүмкіндігіне аударылды.
Жұмыс тобы сондай-ақ Жеміс және көкөніс шаруашылығы институтымен әріптестіктің болашағын, студенттердің далалық зерттеулерге қатысуын және қыс мезгілінде өнімді сақтау шешімдерін әзірлеуді талқылады.
ҚазҰАЗУ биоалуантүрлілікті сақтау мен тұрақты дамуға бағытталған ғылыми және білім беру бастамаларын белсенді түрде ілгерілетуде. «Экожүйелер мен биоалуантүрлілікті қорғау жөніндегі Қазақстан-Германия институтының» жұмысы экологиялық мәселелерді шешуде пәнаралық тәсіл мен халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсетеді.