БАСТЫ БАҒЫТ – АГРАРЛЫҚ ҒЫЛЫМ МЕН ШАРУАШЫЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАРДЫ НЫҒАЙТУ
2025 жылғы 14 тамызда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Саймасай» агротехнопаркінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Президиумының көшпелі отырысы болып өтті. Көшпелі кеңеске ҰҒА Президенті, KazNARU Басқарма төрағасы-Ректор, академик Ақылбек Күрішбаев, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ» Басқарма төрайымы Шолпан Бастаубаева, облыстық және аудандық мемлекеттік құрылымдардың басшылары, университет мамандары мен ғалымдары, өндіріс жетекшілері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Ұлттық ғылым академиясының Президенті, KazNARU басшысы Ақылбек Күрішбаев Алматы облысындағы өңір экономикасын дамытудың басым бағыттарын айқындайтын қолда бар су және жер ресурстары мен жалпы ауыл шаруашылығын дамыту қажеттілігіне тоқтала отырып, бұл арада ғылым жетістіктері мен инновациялық әзірлемелерді АӨК саласына барынша тиімді енгізудің маңыздылығын атап өтті.
Бүгінгі күні өте жылдам өзгеретін уақытта ғылымның жетістіктерін өндірісте қолдану, инновациялық идеяларды ілгерілету – өңірлердің дамуында шешуші рөл атқарады. Осыған орай ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамытудың қазіргі жағдайы мен перспективаларын анықтап, тұқым шаруашылығын ғылыми қамтамасыз ету және отандық инновацияны дамыту тетіктерін іздеу, жаңа сорттарды өндіріске енгізу сияқты мәселелер жергілікті билікпен бірге атқарылуы тиіс. Жалпы ел экономикасы үшін де, халықтың әлеуметтік ахуалын жақсарту үшін де қуаңшылыққа бейімделген егіс тұқымдарын көбейту басты қажеттілік ьолып табылады. Сондықтан, ауыл шаруашылығы дақылдарының отандық селекциясын жақсарту, сол арқылы тұқым шаруашылығын дамыту мемлекеттік саясаттың басым міндеттерінің біріне саналады.
«Бұл маңызды тапсырманы жүзеге асыру үшін біздер Қазақстанның өңірлерін, оның ішінде Алматы облысының тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін барлық ауылшаруашылық ресурстарды, оның ішінде табиғи-климаттық ресурстарды, экономикалық және әлеуметтік көрсеткіштерді жаңғыртудың жаңа модульдерін тартуға дайынбыз. Мұндай жаңа жобаны біз Солтүстік Қазақстан облысының аумағында жүзеге асырып жатырмыз. Облыстңң тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін ғылыми тәсілдер әзірленуде, бағалау әдістемелері, болжау және ұсынымдар беру әдістемелері әзірленуде. Жобаның сомасы 2024-2026 жылдарға шамамен 792,43 млн теңгені құрайды. Құрамында БҰҰДБ халықаралық сарапшылары бар біздің университет ғалымдары мен мамандары Алматы облысының аумағында осындай зерттеу жұмыстарын тереңдете жүргізуге толық мүмкіндігі бар» - деді Ақылбек Қажығұлұлы.
Бұл ретте KazNARU «Саймасай» агротехнопаркі – ауылшаруашылық дақылдары сорттарын сынақтан өткізу, жаңа технологияларды өндіріске енгізе отырып өнімінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және ауылшаруашылық дақылдарының инновациялық технологияларын шаруа қожалықтары мен фермерлерге үйрету, насихаттау арқылы жүйелі жұмыстар атқарып келеді.
Осындағы Демострациялық егіс алқабында төмендегідей бірқатар маңызды ғылыми жобалар іске асырылуда:
- «Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы құрғақшылық жағдайында бұршақ тұқымдас дақылдардың (бұршақ, ноқат, жасымық) жаңадан жасалған жоғары өнімді сорттарын өсірудің сорттық технологиясын жасау» ғылыми жетекшісі - а.ш.ғ.к., қауым. профессор Сайкенов Б.Р.
- «Экономикалық маңызды ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясына заманауи молекулалық-генетикалық, физиологиялық-биохимиялық, биотехнологиялық әдістерді және цифрлық фенотиптеуді практикалық енгізу» ғылыми жоба жетекшісі - б.ғ.д., профессор ҚР ҰҒА академигі Туруспеков Е.К.
- «Жасымықтың (Lens culinaris) жергілікті өндірісін нығайту мақсатында биотикалық стресстен қорғау үшін генетикалық жақсарту» - ғылыми жетекшісі: PhD доктор, Тағаев Қ.Ж.
- «Қазақстан Республикасы аумағында пестицидтерді сынақтан өткізу» - ғылыми жоба жетекшісі: а.ш.ғ.к., қауым. профессор Каирова Г.Н.
Ақылбек Күрішбаевтың айтуы бойынша, сонымен бірге ҚР Ұлттық ғылым академиясы Қытай Ғылым академиясымен және Чжэцзян технологиялық университетімен бірлесіп, Қытайдың бірнеше жоғары технологиялық компанияларының қолдауымен, әрі еліміздегі жетекші университет KazNARU-дың қатысуымен кеңістіктік-уақыттық Жасанды интеллект пен орнықты дамудың Халықаралық интеграцияланған зертханасын құруда.
Зертхана құрамында "DeepBas" Жасанды интеллекттің отандық үлкен моделін құру жоспарлануда. Оның негізінде жалпы есептеу қуаты бір экзафлоп (EF) дейінгі деректерді сақтау және өңдеу үшін серверлер құру жоспарлануда. Сондай-ақ спутниктік және мобильді байланыс құралдары, Интеллектуалды көлік құралдары, интеллектуалды ұшқышсыз ұшу аппараттары мен роботтар пайдаланылатын болады. Қытай тарапынан 1 млрд юань инвестиция көлемі жоспарлануда (бұл шамамен 70 млрд теңгені құрайды).
«Осы зертхананың есептеу қуаты мен зияткерлік мүмкіндіктерін Алматы облысы үшін шешім қабылдауды қолдау жүйесін орнату және өрістету үшін қолдануға болады. Бұл ауқымды деректерді өңдеудің және әртүрлі модельдер мен әдістерді жүктеудің аймақтық орталығын құрған жағдайда, жерді пайдалану әлеуетін, әртүрлі тәуекелдерді, экономикалық көрсеткіштерді бағалауға және аумақ пен жер астындағы ресурстық әлеуеттерге баға беруге қабілетті» - дейді KazNARU тарапынан жоба қатысушысы Фараби Ермеков.
Өз кезегінде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев инновациялық жаңалықтармен таныса келе және кеңеске қатысушылардың ұсыныстарын тыңдай отырып, өңір экономикасын, оның ішінде ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы соңғы кездегі іс-шаралар ауқымына тоқталып өтті. Өңірдегі көкөніс өсіру және жинау, ауылдардағы инженерлік инфрақұрылымдарды жаңғырту және ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмей жатқан жерлерді халық игілігіне пайдалану сияқты күрделі мәселелерді ортаға салды. Агросекторды химикаттармен, техникалық құрал жабдықтармен және техникамен қамтамасыз ету, энергетика саласын дамыту, шикізат өнімдерін өңдеу және тамақ өнеркәсібін дамыту қажеттігін атап өтті. Дайын өнімді тасымалдау және сақтау инфрақұрылымын, логистиканы және көлік желісін дамыту мәселелерінің тұрақты назарда тұрғанын жеткізді.
«Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде, ағымдағы жылы облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы ұлғайтылып 465,8 мың гектарға жеткізілді, оның ішінде 264 мың га суармалы жер. Қазіргі уақытта дақылдарды күтіп-баптау (өсіру, минералды тыңайтқыштар себу және суару) жұмыстары жүргізілуде. Күзгі егін жинау жұмыстарына да дайындығымыз жақсы. Бүгінгі жиында көтеріліп отырған маңызды тақырып – ғылым жетістіктерін агроөндірісте қолдану мәселесі ауыл шаруашылығында тікелей еңбек ететін біздерге тың серпін береді деп сенеміз. Ел игілігін еселеу жолында бірлесе қызмет етуге ниет етіп отырған барша ғалымдар мен мамандарға сәттілік тілеймін», - деді Марат Сұлтанғазиев.
Кеңеске қатысушылар KazNARU «Саймасай» агротехнопаркі аумағындағы докторанттар мен магистранттардың жүзеге асырып жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен танысып, егіс алқабында болып, өндірілген өнімдердің жаңа сорттарымен танысып, жоғары бағасын берді.
KazNARU Баспасөз қызметі