ҚазҰАЗУ-да «Ана тілім – елдігімнің айнасы» апталығы өз мәресіне жетті
2025 жылғы 29 қыркүйекте Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде (ҚазҰАЗУ) Қазақстан халқының тілдері күніне орай ұйымдастырылған «Ана тілім – елдігімнің айнасы» апталығының жабылу салтанаты өтті. Апталықты Жалпы білім беру пәндері кафедрасы мен Жастар ісі жөніндегі басқарма ұйымдастырған болатын.
Апталық барысында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, ұлттық құндылықтарды насихаттауға және жастардың тілдік мәдениетін арттыруға бағытталған мазмұнды шаралардың маңызды сәттерінен ақпараттық бейнежазба әзірленіп, жиналған қауымға таныстырылды. Атап айтқанда «Петроглифтер – мәдениет пен өркениет куәсі» атты ашық дәрістің, Ахмет Байтұрсынұлы мұражайына ұйымдастырылған танымдық саяхаттың, «Поэзия – рухтың үні // Поэзия – язык вечности» көркемсөз оқу сайысының, «My weekdays in my University KazNaru» тақырыбындағы үздік видеоблог байқауы мен «Жизнь, поэзия и интересные факты из жизни поэта» атты шығармашылық презентациялардың өту барысынан алынған үзінділер апталықтың мазмұнды әрі қызықты болғанын көрсетті.
Жабылу салтанатында университет басшылығы қатысушыларды құттықтап, белсенді студенттерге алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табыс етті. Шара соңы мерекелік кешке ұласып, өнерлі студенттердің орындауында күмбірлеген күй тартылды. Ән айтылып, би биленді.
Қазақстан халқының тілдері мерекесіне арналған апталық студенттердің бойында мемлекеттік тілге деген құрметті арттырып қана қоймай, елдік рух пен ұлттық бірегейлікті дәріптеудің айқын көрінісіне айналды.
ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі