KazNARU студенттері Алматыдағы «Бірінші сыра зауытына» оқу-танымдық экскурсия жасады
2025 жылдың 13 қазанында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің (KazNARU) «Инженерлік технологиялар» факультетінің «Тағам өнімдерінің технологиясы және қауіпсіздігі» кафедрасының 3 және 4 курс студенттері еліміздегі ең көне кәсіпорындардың бірі – «Бірінші сыра зауытына» (Алматы қ.) оқу-танымдық экскурсия жасады.
Экскурсияның мақсаты – студенттердің сыра өндірудің толық технологиялық процесімен танысуы, теориялық білімдерін нақты өндірістік тәжірибемен ұштастыру және тағам өнімдерінің сапасын бақылау үдерісін тереңірек меңгеру болды.
Кәсіпорын өкілдері студенттерге арпаны қабылдау мен дайындау, солод өндіру, ашыту, сүзу және дайын өнімді құю кезеңдерін көрсетті. Сондай-ақ немістің KRONES, KHS және Steinecker секілді жетекші компанияларының жабдықтарының жұмысы таныстырылды.
Зауыт мамандары шикізатты іріктеу, ашыту процесінің ерекшеліктері, сапаны бақылау, санитарлық талаптар және экологиялық жауапкершілік мәселелері бойынша жан-жақты ақпарат берді.
«Бірінші сыра зауытының» тарихы 1858 жылдан басталады. Оны бірінші гильдия көпесі Василий Кузнецов негізін қалаған. 2013 жылы халықаралық стандарттарға сай жаңа зауыт іске қосылып, бүгінде кәсіпорын 30-дан астам сыра түрін шығарады. Ең танымал өнімдердің бірі – дәстүрлі рецепт бойынша жаңғыртылған «Корона Алатау» маркасы.
Экскурсия студенттердің кәсіби көзқарасын кеңейтіп, өндірістік технологиялар туралы түсінігін тереңдетуге мүмкіндік берді.
Кафедра ұжымы «Бірінші сыра зауытының» басшылығына және қызметкерлеріне жылы қабылдауы мен пайдалы тәжірибесі үшін ризашылығын білдіреді.
KazNARU Баспасөз қызметі