ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: ҚАЗАҚСТАННЫҢ АГРАРЛЫҚ САЛАСЫН ДАМЫТУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ
2025 жылғы 13 қарашада Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің (ҚазҰАЗУ) Ситуациялық орталығында Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай «Қазақстанның аграрлық саласындағы цифрлық трансформация және жасанды интеллект» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға университет ғалымдары және ҚазҰАЗУ сенімгерлік басқаруындағы ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері қатысты.
Алғы сөзінде ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы – Ректордың Бірінші орынбасары Пірімқұл Ибрагимов аграрлық секторды цифрландырудың стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, ғылыми ұйымдар, мемлекет және өндіріс арасындағы ынтымақтастықтың өзектілігін ерекше белгіледі.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің алғашқы форумында сөйлеген сөзінде: «Агроөнеркәсіп кешенін одан әрі цифрландыру мен автоматтандыру мәселесі ұдайы назарда болуға тиіс» деп атап өткен болатын. Бұл бағыт дөңгелек үстел барысында жүргізілген талқылаулардың маңызды бағдарына айналды.
Отырыс аясында еліміздің АӨК цифрландыру саласындағы өзекті ғылыми және практикалық әзірлемелер ұсынылды. Атап айтқанда: Тұқымдарды бақылаудың сандық жүйесі, ара шаруашылығындағы селекциялық-асылдандыру үдерісін басқару жүйесі, АӨК үшін кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект, орнықты агроөндірістің негізі ретінде цифрлық егіншілік, агроөнеркәсіп саласындағы цифрландыру және жасанды интеллект, Агроөңдеудегі өндірісті басқарудың интеллектуалды жүйелері.
Дөңгелек үстелге қатысушылар цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізу өндіріс тиімділігін айтарлықтай арттырып, өнім сапасын жақсартуға, басқаруды оңтайландыруға және аграрлық саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Іс-шара белсенді пікірталаспен, сондай-ақ Қазақстанның аграрлық секторына цифрлық технологияларды одан әрі енгізу жөніндегі практикалық ұсыныстармен аяқталды.
Дөңгелек үстел соңында барлық баяндамашыларға ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы – Ректордың алғыс хаты табысталды. Осылайша университет аграрлық ғылымды дамытуға, инновацияларды интеграциялауға және көпжылдық ғылыми-практикалық қызметке қосқан үлестері үшін алғысын білдірді.
KazNARU Баспасөз қызметі
















