Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісі депутаттары KazNARU ұжымымен кездесті
2026 жылғы 9 қаңтарда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде Қазақстан Республикасының Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депуттары Ж.Ә.Жөргенбаев, З.П.Кузиев және Ж.С.Әшімжановтармен кездесу өтті. Кездесуге университет басшылығы, ғылыми орталықтардың директорлары, факультет декандары мен профессорлық-оқытушылық құрам, жас ғалымдар қатысты.
Университеттің Басқарма Төрағасы – Ректоры А.Қ. Күрішбаев депутаттарды оқу орнының ғылыми-инновациялық әлеуетімен және университет инфрақұрылымының даму барысымен таныстырды.
Университетте халықаралық деңгейдегі жоғары оқу орнына трансформациялану бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып, «Цифрлық университеттің» құрылғанын, «Жасыл университет» тұжырымдамасы енгізілгенін баяндады.
Соңғы жылдарда білім алушылардың саны 20 пайызға артқаны, сондай-ақ 20 шет елден 1000-ға жуық студенттердің білім алып жатқаны атап өтілді. Университеттің профессор-оқытушылар құрамының орташа жалақысы 3 есеге артуы, білім беру бағдарламаларының жаңартылғаны айтылды.
Ғылыми зерттеулерді қаржыландыру көлемі 5 есе артып, ғалымдардың ғылыми әзірлемелерін коммерцияландыру көрсеткіші 96 есеге, ал Web of Science дерекқорындағы жарияланымдар саны 2 есеге өсті.
Университетті цифрландыру бағытында жүргізілген ауқымды жұмыстардың нәтижесінде студенттер «AI-Sana», «Coursera» бағдарламалары бойынша білім алуға қол жеткізді. Осы оқу жылында алғаш рет Қытайдың Чжэцзян технологиялық университетімен бірлескен «Жасанды интеллект» қос дипломды бағдарламасы бойынша студенттер қабылданды. Қытаймен бірлесіп су ресурстарын басқару, климаттың өзгеруі, ауылшаруашылығы дрондарын оқыту және зерттеу, «One Health» ветеринария бағыты бойынша зерттеу орталықтары құрылды. «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтының» филиалы, экожүйелер мен биоалуантүрлілікті қорғау бойынша Қазақстан-Неміс Nexus институтының және АҚШ-тың Небраска–Линкольн университетінің филиалын ашу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Университет қазіргі таңда 200-ден астам шетелдік жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттары, орталықтар және компаниялармен байланыс орнатқан. Олардың ішінде АҚШ, Нидерланды, Франция, Қытай, Малайзия, Германия, Италия, Түркия, Өзбекстан және тағы басқа елдер бар. Сонымен қатар жетекші шетелдік университеттермен қос дипломды 7 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 4 ғылыми-зерттеу институты мен 1 тәжірибелік шаруашылығы университеттің басқаруына берілген болатын. Сенімгерлік басқаруындағы 2 жыл ішінде «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ҒЗИ» ЖШС, «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС, «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС, «Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсіптері ҒЗИ» ЖШС-мен бірлесе бірқатар оң нәтижелерге қол жеткізілгенін атап өткен жөн. Ғылыми-зерттеу институттарының өндірістік және зертханалық базаларында 715 студент дуальды оқытудан және өндірістік практикадан өтті, ҒЗИ-дың 26 ғылыми қызметкері білім беру процесіне тартылды
Жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылы ҚазҰАЗУ өз тарихында тұңғыш рет «QS Sustainability Rankings» халықаралық рейтингінде әлемнің үздік ТОП-700 жоғары оқу орнының қатарына еніп, Орталық Азияда 6-орынға көтерілді. Ал беделді Times Higher Education World University Rankings 2026 (THE) рейтингінде 1500+ санатына кіріп, Қазақстанның үздік бес жоғары оқу орнының қатарына енді.
Университеттің Басқарма Төрағасы – Ректоры Ақылбек Қажығұлұлы аграрлық мамандарды даярлаудағы өзекті мәселелерге де тоқталып өтті. Сондай-ақ аграрлық саладағы білікті мамандардың санын ұлғайту үшін мемлекеттік гранттарды көбейту қажеттігін баса көрсетті. Білім алушылардың шәкіртақысының мөлшерін педагогикалық және медициналық оқу орындарындағы студенттердің шәкіртақысымен теңестіру мәселесінің маңыздылығына тоқталды.
Кездесу барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ж.Ә. Жөргенбаев, З.П. Кузиев және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ж.С. Әшімжанов университеттің соңғы үш жылдағы жетістіктеріне жоғары баға беріп, ғылым мен білім берудің сапасы мен нәтижелілігін атап өтті. Сондай-ақ студенттердің әлеуметтік жағдайы мен тұрмыстық қажеттіліктері толық қамтамасыз етілгенін, оның ішінде жатақханалар, стадион, әлеуметтік дүкен, дәріхана және медициналық орталық сияқты инфрақұрылымдардың бар екенін ерекше атап көрсетті.
Депутаттар еліміздің аграрлық саясатын жетілдірудің тиімділігіне тоқталып, осы саланың дамуында университет түлектерінің де үлесі болатынын баса көрсетті. Кездесу барысында университет тарапынан көтерілген мәселелердің оңтайлы шешімін табуына атсалысатындарын жеткізді. Сонымен қатар Үкіметке депутаттық сауалнама жолдап, Парламент отырысында бұл маңызды мәселелерді көтеретіндерін айтты.
Университеттің Басқарма төрағасы – Ректоры Ақылбек Күрішбаев Ғылыми кеңестің шешімімен ҚР Парламенті Сенатының депутаты Кузиев Зәкіржан Пірмұхамедұлын студенттердің іскерлігі мен дағдысын жетілдіріп, өндірістік практикадан өтуі барысына үлес қосқаны үшін «Аграрлық білімге, ғылымға және өндіріске қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапаттады.
Кездесу соңында депутаттар университеттің ғылыми-инновациялық орталықтарын, зертханаларын және инфрақұрылымдарын аралап, жас ғалымдар, магистранттар және докторанттармен пікір алмасты. Олар университеттің ғылыми зерттеулерді дамыту, инновациялық жобаларды жүзеге асыру және студенттердің білім алу сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарымен танысып, жастардың ғылыми бастамалары мен тәжірибелік жобаларын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, депутаттар жас ғалымдарға кәсіби кеңес беріп, олардың ғылыми әлеуетін қолдауға және университеттің дамуына өздерінің ықпалын тигізуге дайын екенін жеткізді. KazNARU-дың ұжымы мен білім алушыларына табыс тіледі.
KazNARU Баспасөз қызметі

.jpeg)
.jpeg)

.jpeg)
.jpeg)


.jpeg)

.jpeg)
.jpeg)

.jpeg)

.jpeg)
.jpeg)

.jpeg)

.jpeg)
.jpeg)

.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)