М. МАҚАТАЕВТЫҢ 95 ЖЫЛ ОРАЙ«ЖЫРЛАЙДЫ ЖҮРЕК» АТТЫ ӘДЕБИ-ПОЭЗИЯЛЫҚ КЕШІ
МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВТЫҢ 95 ЖЫЛ ТОЛУЫНА ОРАЙ
«ЖЫРЛАЙДЫ ЖҮРЕК» АТТЫ ӘДЕБИ-ПОЭЗИЯЛЫҚ КЕШ ӨТТІ
Қарасаздың қарлығашы атанған ақынның туған күні 9 ақпан – поэзияны қадір тұтқан жұртшылық үшін ұлы мереке. Бұл күні қазақтың заңғар ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған күні еліміздің түкпір-түкпірінде кеңінен атап өтіледі. Осы атаулы күнге орай «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті» КеАҚ, «Ветеринария және зооинженерия» факультеті, «Зооинженерия және биотехнология» және «Жалпы білім беру пәндері» кафедрасымен бірлесе, 6В05102–Биотехнология білім беру бағдарламасы, БТ-25-01К тобында оқитын 1 курс студенттері, кураторы Валиева Гүлім Азатовқызының және Қазақ тілі пәнінің оқытушысы Алдабек Нұргүл Əбдіразаққызы жетекшілігімен ақынның 95 жылдық мерейтойына арналған «Жырлайды жүрек» атты әдеби-поэзиялық кеші өтті.
Кештің мақсаты – ақын мұрасын тек еске алу ғана емес, оның жырлары арқылы рухани байып, ой түю, жас ұрпақтың жүрегіне поэзияға деген сүйіспеншілік ұялату, артына айрықша, өшпес із қалдырған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына шолу жасау, оның поэзиясының халыққа кең таралуының мәнін ашу, өміршеңдігінің сырын таныту, шығармаларының музыкамен үндесу ерекшелігін көрсету, сондай-ақ ақын сөзіне жазылған әндерді көпшілік назарына ұсыну болды. Себебі Мұқағали жыры — тәрбиенің, адамгершіліктің, елдік рухтың қайнар көзі.
«Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім» – дегендей, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері халық жадында мәңгі жаңғырып келеді. Қазақ поэзиясының қайталанбас қайсары саналатын ақынның бір шумақ өлеңін білмейтін қазақ кемде-кем. Мұқағали — бір дәуірдің ғана емес, барша адамзаттың ақыны. Оның өлеңдері уақытпен өлшенбейді, себебі ол өлеңдерін жүрекпен жазды. Ақынның әр жолынан шындықтың, тазалықтың, адамға деген махаббаттың иісі аңқып тұрады. Ол өз жырларында адам жанының тереңін, қазақтың болмысын, туған жерге деген сағынышты, өмірдің мәнін айрықша шеберлікпен суреттей білді. Өлеңге ғұмырын арнаған ақын сырқаты меңдеп, денсаулығы сыр берген сәттерде де қаламын қолынан түсірмеген.
Мұқағали поэзиясының тазалығы мен шынайылығы оны жас та, жасамыс та жүрекпен қабылдап, жатқа айтуына себеп болды.
Іс-шараның ашылуында топ жүргізушісі Шахтыбай Жанайым алғашқы сөзді жастар ісі жөніндегі басқарма жетекшісі Еркебай Әбдіхалық Медеуұлы мен кафедра меңгерушісі Кулатаев Бейбіт Тұрғанбайұлына ұсынды. Кеш барысында студенттер ақынның өмір жолы мен шығармашылығына кеңінен тоқталып, оның мол мұрасын көрерменге әсерлі әрі терең жеткізе білді. Топ студенттері: Жұмагұл Мадина, Жұмабай Назерке, Нұртаев Есбол, Шахтыбай Жанайым, Бақтыбай Нурали, Мақат Қуат, Ұскенбаев Әділет, Мақсатқызы Нұршат, Абдуллаева Жанель, Салықбай Толғанай, Назирулла Дарын, Мұқағали Мақатаевтың «Өмір жайлы», «Ей, өмірім», «Сәби болғым келеді», «Жолдастарға», «Ғашықпын», «Кел, болашақ», «Үш бақытым», «Қазақстан», «Отан» өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Сонымен қатар кештің көркін арттырған «Фариза мен Мұқағали», «Қош енді, қош бол, күрең күз» атты сахналық қойылымдар қойылып, топ студенттері ақынның жырларына жазылған "Есіңе мені алғайсың", «Мен деп ойла», «Бақыт құшағында» әндері хормен шырқалды. Кеш соңында студенттер «Бақыт деген – сенің бала күндерің» әніне би билеп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Іс-шара соңында топ кураторы сөз сөйлеп, белсенді қатысқан студенттерге және кешке арнайы келіп, қолдау білдірген қонақтарға алғысын білдірді.
Бұл іс-шара студенттерге ерекше рух, шабыт пен көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
«Бүгін менің туған күнім, Ой, пәле-ай!
Мына жұрттар неге жатыр тойламай?» – деп жырлаған ақын сөзіне жауап қатқандай, біз де оның рухы алдында бас иіп, бұл күннің өлең сүйер қауым үшін үлкен мерекеге айналғанын, артында қалған ұрпақтың Мұқағали Мақатаевты ешқашан ұмытпайтынын тағы бір мәрте дәлелдегендей болдық. Ақынның өшпес жырлары барда, оның туған күні жыл сайын аталып, поэзиясы мәңгі жасай бермек.
Бұл тағылымды әдеби-поэзиялық кеш студенттердің рухани-мәдени дамуына серпін беріп, Мұқағали Мақатаев шығармашылығына деген сүйіспеншілікті арттырды.
Топ кураторы «Зооинженерия және биотехнология»
кафедрасының аға оқытушысы Валиева Гүлім Азатқызы
.jpeg)
.jpeg)

.jpeg)
