ИНЖЕНЕРЛІК ТЕХНОЛОГИЯЛАР ФАКУЛЬТЕТІНДЕ «АГРАРЛЫҚ ТЕХНИКА ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ ӘЛЕМІ» АТТЫ ІС-ШАРА ӨТТІ
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Инженерлік технологиялар» факультетінде Қазақстан Республикасының Ғылым қызметкерлері күніне орай «Аграрлық техника және ғылым әлемі» атты танымдық-интеллектуалдық іс-шара өтті.
Іс-шара «Аграрлық техника және машина жасау» кафедрасының ұйымдастыруымен 1-курс студенттеріне арналды. Оны дайындау және өткізу жұмыстарына кафедраның профессор-оқытушылар құрамы мен 1-курс докторанттары қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – білім алушылардың ауыл шаруашылығы техникасы мен аграрлық ғылым саласындағы білімдерін кеңейту, сондай-ақ жастардың ғылыми-зерттеу қызметіне және аграрлық саладағы заманауи технологияларға қызығушылығын арттыру болды.
Бағдарлама аясында екі командаға бөлінген қатысушылар бірнеше кезең бойынша бақ сынады. Атап айтқанда, командаларды таныстыру, блиц-сұрақтар, пікірталас, сұрақ-жауап кезеңдері ұйымдастырылды. Іс-шара барысында кафедраның профессор-оқытушылар құрамы мен арнайы қонақтар ғылымды дамыту, агроөнеркәсіптік кешенге инновациялық технологияларды енгізу және салаға білікті мамандар даярлаудың маңыздылығын атап өтті.
Іс-шарада өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, агротехника, сондай-ақ ғылыми жетістіктердің ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттырудағы рөліне ерекше назар аударылды. Іс-шара қорытындысы бойынша нәтижелер шығарылып, жеңімпаз команда анықталып, қатысушылар марапатталды.
Аталған іс-шара жастар арасында аграрлық ғылым мен инженерлік білімді насихаттаудың маңызды алаңына айналып, студенттердің ғылым мен заманауи технологияларға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті.







