«Фараби әлемі»
2026 жылдың 8–10 сәуір аралығында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында «Фараби әлемі» атты студенттер мен жас ғалымдардың дәстүрлі халықаралық ғылыми конференциясы жоғары деңгейде өтті. Бұл ауқымды ғылыми жиын жыл сайын жас зерттеушілердің ғылыми ізденістерін қолдауға, тәжірибе алмасуға және өзекті мәселелерді талқылауға бағытталған маңызды алаң болып табылады.
Конференция жұмысына Қазақстанның және шет мемлекеттердің жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының студенттері, магистранттары және 40 жасқа дейінгі жас ғалымдары қатысып, түрлі бағыттар бойынша өз ғылыми баяндамаларын ұсынды. Ғылыми пікірталастар мен секциялық отырыстарда заманауи ғылымның өзекті мәселелері кеңінен қамтылды.
Аталған конференция аясында ҚазҰУ-дың тарих факультетінде «Музей ісі және мәдени мұра» секциясының жұмысы ұйымдастырылды. Бұл секцияда мәдени мұраны сақтау, музей ісінің дамуы, тарихи жәдігерлердің ғылыми айналымға енгізілуі сияқты маңызды тақырыптар қарастырылды.
Секция жұмысына университетіміздің «Тағам қауіпсіздігі» білім беру бағдарламасының 1 курс студенттері Мусахан Шырын мен Бақтай Аяулым белсенді қатысып, өз ғылыми ізденістерін таныстырды. Атап айтқанда, Мусахан Шырын «Музейге қойылған қазақ қыз-келіншектері мен әйелдерінің бас киімдері» тақырыбында баяндама жасап, ұлттық киім үлгілерінің тарихи-мәдени маңызына тоқталды. Ал Бақтай Аяулым «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің мұражайлары» тақырыбында зерттеу жұмысын ұсынып, оқу орны мұражайларының ғылыми және тәрбиелік рөлін жан-жақты талдады.
Жас зерттеушілердің баяндамалары ғылыми мазмұндылығымен, тақырыптарының өзектілігімен және зерттеу жұмыстарының жүйелілігімен ерекшеленіп, секция қатысушылары тарапынан жоғары бағаланды.
Жалпы алғанда, «Фараби әлемі» конференциясы жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыруға, олардың зерттеу мәдениетін қалыптастыруға және болашақта ғылым саласында табысты еңбек етуіне зор мүмкіндік беретін маңызды ғылыми алаң ретінде өз маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ахантаева Әмина Жағыппарқызы т.ғ.к. қауымдастырылған профессор м.а.


