Жақсы кітап – жан азығы
23 сәуір – Ұлттық кітап және кітапханашылар күні. Осыған орай таяуда университетіміздің №3 ғимаратында орналасқан Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ғылыми кітапханасында «Кітап оқу – рухани әлемге бастар жол» атты онкүндік іс-шара өтті. Соның бесінші күні «Мен оқыған қызық кітап» деген тақырыпта кітап көрмесі ұйымдастырылып, дөңгелек үстел өткізілді.
Дөңгелек үстелге кеш қонақтары ретінде «Су ресурстары және мелиорация» кафедрасының аға оқытушысы, доктор PhD Ұ.Қ.Оңласын, «Топырақтану және агрохимия» кафедрасының аға оқытушысы Э.А.Букенова, «Жалпы білім беру пәндері» кафедрасының қауымд. профессоры, ф.ғ.к. Ж.С.Копбаева, «Өсімдіктерді микроклоналды көбейту» зертханасының ғылыми қызметкері Қ.Жүсіпова және Агробиология және вереринарлық факультетінің 1-курс студенттері қатысты.
Шараны ғылыми кітапхана директорының орынбасары А.Б.Ақшалова ашты. Ол өз сөзінде кітаптың адам өмірінде алатын орны туралы айта келіп, студенттерді кітап оқуға, кітапханадан мамандықтарына қатысты оқулықтармен қоса, көркем әдебиеттер алып, оқып тұруға кеңес берді. Бұдан кейін сөз алған «Су ресурстары және мелиорация» кафедрасының аға оқытушысы, доктор PhD Ұ.Қ.Оңласын осы кітапхананың тұрақты оқырманы екендігін, қазақ әдебиетінің түпсіз тұңғиығына бір енсең, керемет рухани азық алып шығатынын айтты. Қазақтың белгілі, көрнекті жазушыларының шығармаларымен таныстыра отырып, студенттерді кітап оқуға үндеді. Соңында өзінің жеке кітапхана қорынан бірнеше кітаптарды студенттерге сыйға тартты.
Одан әрі «Өсімдіктерді микроклоналды көбейту» зертханасының ғылыми қызметкері Қ.Жүсіпова қоғам және мемлекет қайраткері, ақын Мұқтар Шахановтың жырларын ерекше шабытпен жатқа оқыды. Бұл студенттердің қызығушылығын тудырып, қошаметпен қол соқты.
Бұдан кейін де сөз алғандар «жақсы кітап – жан азығы» екендігіне баса көңіл аударып, кітапхананың қорында көркем әдебиеттер де молдығын тілге тиек етті. Бұл шараны кітапхана жетекшісі Б.К.Мәдібаева бастаған ұжым қызметкерлері ұйымдастырып, бәрі біркісідей атсалысты. Дөңгелек үстел өте тартымды болуымен студенттердің кітап оқуға деген ынтасын оятты десе де болады. Әрі тағлымы мол, рухани-мәдени маңызы зор шара болды.
«Жалпы білім беру пәндері» кафедрасының қауымд. профессоры, ф.ғ.к. Ж.С.Копбаева



