KazNARU СТУДЕНТТЕРІНІҢ ӨНДІРІСТІК ТӘЖІРИБЕСІ: ТАБЫСТЫ КӘСІБИ ҚАЛЫПТАСУДЫҢ НЕГІЗІ

KazNARU СТУДЕНТТЕРІНІҢ ӨНДІРІСТІК ТӘЖІРИБЕСІ: ТАБЫСТЫ КӘСІБИ ҚАЛЫПТАСУДЫҢ НЕГІЗІ

KazNARU студенттерінің өндірістік тәжірибесі кәсіби қалыптасудың маңызды негізі болып табылады. Ол академиялық білімді практикалық дағдылармен ұштастырып, болашақ мамандарды нақты еңбек нарығының талаптарына бейімдейді.
Өндірістік тәжірибе студенттердің нақты өндірістік жағдайда тәжірибе жинақтауында ерекше рөл атқарады және кәсіби құзыреттердің толық спектрін қалыптастыруға әрі дамытуға бағытталған білім беру процесінің жүйелі элементі болып саналады. Нақты өндірістік ортаға бейімделе отырып, білім алушылар теориялық білімдерін тәжірибеде қолдануды үйренеді, салалық міндеттерді шешудің озық әдістерін меңгереді, жауапкершілік дағдыларын дамытып, дербес еңбек қызметіне дайындалады.
2025-2026 оқу жылында 6В09103 – «Ветеринариялық тағам қауіпсіздігі және технологиясы» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттері 2026 жылғы 27 сәуір мен 29 мамыр аралығында KazNARU Ғылыми-білім беру технологиялық платформасының аккредиттелген Тағам өнімдерінің технологиялары мен сапасы ғылыми-білім беру инновациялық орталығы базасында өндірістік тәжірибеден өтті.
Өндірістік тәжірибе барысында студенттер Орталық зертханаларының құрылымымен және функционалдық қызметімен, өлшеу құралдарымен, сынақ және технологиялық жабдықтармен, сондай-ақ сүт, сүт өнімдері, ұн, нан және нан-тоқаш өнімдерінің органолептикалық және физика-химиялық көрсеткіштерін зерттеудің заманауи стандартты әдістерімен танысты.
Стандарттарды зерделеу және қатаң сақтау тағам өнеркәсібі мамандарына негізделген шешім қабылдауға және сапалы әрі қауіпсіз өнім өндіруге мүмкіндік береді. Осыған байланысты студенттерге ұлттық және мемлекетаралық нормативтік базамен жан-жақты танысуға практикалық мүмкіндік жасалды. Болашақ мамандар шикізаттың сапасы мен таңбалануына қойылатын талаптарды, сондай-ақ өндіріс, айналым және сәйкестікті растау рәсімдеріне қатысты өзекті регламенттерді зерделеді.
Орталықтың өндірістік жағдайында студенттер нан пісіруге арналған бидай ұнының физика-химиялық көрсеткіштерін ультрадыбыстық анализатор мен кептіру шкафының көмегімен анықтау, шикі және ішуге арналған сиыр сүтін титриметриялық және ареометриялық әдістермен зерттеу, еттің сапасы мен қауіпсіздік көрсеткіштерін микропроцессорлық рН-метр және портативті трихинеллоскоп арқылы бағалау бойынша практикалық дағдыларды меңгерді. Сонымен қатар олар нан-тоқаш, ұннан жасалған кондитерлік өнімдер мен сүт өнімдерін өндірудің заманауи технологияларының негізгі кезеңдерімен танысты.
Өндірістік тәжірибе кезінде әрбір студентке жеке тапсырма орындауға ерекше мүмкіндік берілді. Олар дәстүрлі технология бойынша классикалық йогурт және сублимацияланған жемістер мен жидектер қосылған функционалды йогурт, қытырлақ қабықты әрі жұмсақ үлпілдек дәстүрлі багет, аскөк пен ваниль қосылған диеталық сүзбе ірімшігі, жидекті салмасы бар француз меренгалы рулетін заманауи технологиялық жабдықтарда өндіру режимдері мен параметрлерін әзірлеп, пысықтады, сондай-ақ дайын өнімдерді апробациядан өткізді.
Белгілі болғандай, болашақ тағамы – азық-түлік тапшылығы, климаттың өзгеруі және адам денсаулығына қатысты мәселелерді шешуге бағытталған тамақтану тұжырымдамасы.
Тамақтанудың болашағы жаңа технологияларды, тұрақты өнімдерді және тағам өндірудің инновациялық әдістерін енгізумен тығыз байланысты.
Өсімдік тектес ет, өсімдік сүті, сублимацияланған және ұнтақ түріндегі тағам, электр қуаты мен 3D-принтер көмегімен тағамды синтездеу және басып шығару жаһандық өзгерістердің сын-қатерлеріне жауап беруге, сондай-ақ тұтынушылардың барлық санаттары үшін тұрақты болашақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Алдағы онжылдықтарда азық-түлік индустриясы экология мен дербестендірілген тамақтануға басымдық бере отырып дамиды. Бұл өмір сапасын айтарлықтай жақсартуға және болашақ ұрпақ үшін планетаны сақтауға ықпал етеді.
Осыған байланысты өндірістік тәжірибе аясында студенттер «Болашақ тағамы: KazNARU технологтарының нұсқасы» атты презентацияны ұйымдастыруға және өткізуге белсенді қатысты. Іс-шара барысында олар Орталық жағдайында дәстүрлі емес және сирек қолданылатын азық-түлік шикізаты көздері негізінде, заманауи өңдеу әдістерін пайдалана отырып алынған жаңа буын инновациялық өнімдерін таныстырды.
Осылайша, ағымдағы оқу жылында жинақталған өндірістік тәжірибе студенттерге теориялық білімдерін практикалық қызметпен тиімді ұштастыруға мүмкіндік беріп, олардың болашақ кәсіби мансабына берік негіз қалыптастырды.
---------Chatbot---------
виртуальный помощник