«Рәміздер рухы - Конституция күші»
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай, университетімізде «Жалпы білім беру пәндері» кафедрасының аға оқытушылары Н.Б. Тәуекелова, З.И. Ашимова, Е.Б. Оспанов «Инженерлік технология» факультетінің студенттерімен жастардың патриоттық рухын нығайту, мемлекеттік рәміздерге құрмет сезімін қалыптастыру және конституциялық құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Рәміздер рухы - Конституция күші» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Іс-шараға студенттер мен оқытушылар қатысып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы және Әнұранының тарихи мәні мен тәрбиелік маңызы жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар, Конституцияның елдің құқықтық негізі ретіндегі рөлі, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, заң үстемдігі қағидаттары туралы мазмұнды талқылау жүргізді.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар мемлекеттік рәміздердің ұлттық бірегейлікті сақтаудағы, ел тәуелсіздігін нығайтудағы маңызына тоқталып, жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыру мәселелерін сөз етті. Студенттер өз ой-пікірлерін білдіріп, тақырып аясында белсенді сұхбат құрды.
Іс-шара қорытындысында мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету – әрбір азаматтың қасиетті борышы екені атап өтіліп, Конституция қағидаттарын құрметтеу қоғамның тұрақты дамуы мен ел болашағының кепілі екені айтылды.
Аталған дөңгелек үстел студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, отансүйгіштік құндылықтарын нығайтуға және ұлттық рәміздердің мәнін терең түсінуге бағытталған маңызды танымдық алаң болды.




