ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАЗҒЫ МЕКТЕП – 2026: «Климаттың өзгеруі жағдайындағы ақылды орман шаруашылығы және жер ресурстары»
1 мусым 2026 жылы «Климаттың өзгеруі жағдайындағы ақылды орман шаруашылығы және жер ресурстары» тақырыбында Халықаралық жазғы мектеп – 2026 өз жұмысын бастады. Мектепбіміздің жетекшісі – Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Байзаков Сабит. Іс-шараның модераторы ретінде «Орман шаруашылығы және жер ресурстары» факультетінің деканы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Сарсекова Дани Нургисаевна қызмет атқаруда. Жазғы мектеп бағдарламасының мазмұнды әрі тиімді өтуіне факультеттің тәжірибелі оқытушылары мен мамандары қолдау көрсетуде. Атап айтқанда, фасилитаторлар ретінде «Ландшафттық дизайн және көгалдандыру» кафедрасының аға оқытушысы Сатыбалдиева Гульшат Турсыналиевна және «Жер ресурстары және кадастр» кафедрасының ассистенті, техникалық көмекші Альбосынова Мадина Аскатовна қатысуда.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – климаттың өзгеруі жағдайында орман және жер ресурстарын тиімді басқарудың заманауи тәсілдерін талқылау, халықаралық тәжірибе алмасу және қатысушылардың кәсіби құзыреттерін арттыру. Жазғы мектептің алғашқы аптасында Түркия Республикасының Артвин Чорух университеті Орман шаруашылығы факультетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Зафер Олмез дәріс оқып, орман ресурстарын тұрақты басқару, климаттық өзгерістердің орман экожүйелеріне әсері және оларды бейімдеу стратегиялары бойынша өз тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар, қатысушыларға «Орман шаруашылығы және жер ресурстары» факультетінің деканы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Сарсекова Дани Нұрғисаевна, «Жер ресурстары және кадастр» кафедрасының биология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессоры Мурсалимова Эльмира Аскаровна және «Ландшафттық дизайн және көгалдандыру» кафедрасының аға оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Қожабекова Ардақ Жанткетаевна офлайн форматта, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің PhD, аға оқытушысы Китайбекова Сара Оразбековна онлайн форматта дәрістер өткізді.
Бағдарламаның тәжірибелік сабақтары аясында қатысушылар Алматы қаласының Бас ботаникалық бағына барып, сирек кездесетін ағаштар мен бұталардың түрлерімен танысты. Танымдық экскурсия барысында өсімдіктердің биоалуантүрлілігі, олардың экологиялық маңызы және сақтау мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, жазғы мектеп қатысушылары Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Медеу филиалына қарасты Бұтақты шатқалына ғылыми-танымдық саяхат жасап, табиғи экожүйелердің ерекшеліктерімен және өңірдің орман ресурстарымен танысты. Халықаралық жазғы мектеп аясында өткізілген дәрістер мен тәжірибелік сабақтар қатысушылардың кәсіби білімдерін тереңдетуге, ғылыми көзқарастарын кеңейтуге және халықаралық тәжірибені меңгеруге мүмкіндік береді.