Студенттер қатарына қабылдау – университеттік үлкен өмірге алғашқы қадам!
KazNARU-да дәстүрлі «Студенттер қатарына қабылдау – 2026» салтанатты іс-шарасы өтті. Биыл бірінші курс студенттеріне арналған бұл мерекелік шара Алматы қаласының күнімен тұспа-тұс келіп, жастардың студенттік өміріндегі жаңа кезеңнің басталуына ұласты.
Бірінші курс студенттерін Басқарма төрағасы – Ректор Ахылбек Қуанышұлы Күрішбаев құттықтады. Жаңа оқу жылында KazNARU студенттерінің қатарына мемлекеттік білім беру грантының иегері атанған 1400-ге жуық, ақылы негізде білім алатын 700-ден астам студент, сондай-ақ 20 елден келген 600-ге жуық шетелдік студент қосылды.
Жастарға арналған өз сөзінде ректор KazNARU-дың зерттеу университеті ретінде қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Университеттің басым бағыттарының қатарында жасанды интеллект, биотехнологиялар, цифрлық шешімдер және ақылды ауыл шаруашылығы бар.
Сондай-ақ сөз барысында жастардың Әділетті Қазақстанды қалыптастырудағы рөліне, сондай-ақ «Заң және тәртіп» қағидатын ұстанудың маңыздылығына ерекше назар аударылды. Терең білім мен кәсіби шеберлік адал еңбекпен, азаматтық жауапкершілікпен және заңды құрметтеумен ұштасуы тиіс.
«Еліміздің болашағы сіздердің білімдеріңізге, кәсіби шеберліктеріңізге және қоғам игілігі жолындағы адал еңбектеріңізге тікелей байланысты. Сондықтан білім алуға ұмтылыңыздар, жаңа дүниелерді үйреніңіздер және өздеріңізді дамыту үшін әр мүмкіндікті тиімді пайдаланыңыздар», – деді ректор студенттерге.
«Жер ресурстары және кадастр» кафедрасының 1-курс студенттері студенттік өмірдегі жаңа әрі маңызды кезеңнің басталуына арналған «Студенттер қатарына қабылдау» салтанатты іс-шарасына белсенді қатысты. Бұл күн студенттер үшін жерге орналастыру, кадастр, геоақпараттық технологиялар, жерді қашықтықтан зондтау және жер ресурстарын цифрлық басқару салаларындағы кәсіби жолдың бастауына айналды.
Студенттік жылдарыңыз жаңа білімнің, жарқын жаңалықтардың, кәсіби өсудің, шынайы достықтың және үлкен жетістіктердің кезеңі болсын!
Құрметті бірінші курс студенттері!
Алға қойған мақсаттарыңызға нық қадам басып, университет өміріне белсенді араласып, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің студенті деген мәртебені әрдайым мақтанышпен алып жүріңіздер!
Үлкен университеттік отбасымызға қош келдіңіздер!