ҚазҰАЗУ-да «Қазақ тілі» оқулығының таныстырылымы өтті
2026 жылғы 23 қыркүйекте Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне орай дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Тіл – халықтың жүрегі, ұлттың тірегі» апталығының аясында, «Қазақ тілі: ортадан жоғары деңгей (В2-1)» оқу құралының таныстырылымы өтті. Тілдер кафедрасы мен Ғылыми кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған таныстырылымға Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры, ветеринария ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Алпысбаева Гүлмира Егізбайқызы, Мемлекеттік тілді дамыту институтының директоры, ф.ғ.к. Қапалбек Бижомарт Сейсенбекұлы, Абай атындағы ҚазҰПУ, Филология факультеті Қазақ тілі теориясы және оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к. Қасен Ерлан Сламбекұлы, Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті Қазақ және орыс тілдері кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к. Үдербаев Алмас Жауынбайұлы, сондай-ақ ҚазҰАЗУ факультет декандары, кафедра меңгерушілері, профессор-оқытушылар құрамы мен І курс студенттері қатысты.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үшінші Ұлттық Құрылтай отырысында қазақ тілін бизнес, техника және ғылым тіліне айналдыру мәселесін көтерген болатын. Сондай-ақ тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін тек науқандық шараларға емес, нақты практикалық жұмыстарға басымдық берілуі қажет екенін де атап көрсеткен еді. Қазақ тілін кәсіби бағытта оқыту – ұлттық білім беру жүйесін жаңғыртудың және болашақ мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың стратегиялық басымдығы. Әзірленіп отырған оқу құралы мемлекеттік тілді кәсіби-бағдарлы оқытудың заманауи талаптары мен салалық қажеттіліктерін негізге алады.
Таныстырылымда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры, ветеринария ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Г.Е.Алпысбаева құттықтау сөз сөйлеп, оқу құралының маңызына тоқталды.
Таныстырылымның модераторы, Тілдер кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к. Б.С.Жонкешов университетте Қазақ тілін оқыту мәселесіне ерекше мән берілетін айта келіп, қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру жолындағы салалық терминологияның алатын орнына арнайы тоқталды. Сондай-ақ салалық терминологияны лингвистер емес, сала мамандарының қалыптастыратынын баса көрсетті.
Оқулық авторларының бірі, ф.ғ.к., Тілдер кафедрасының қауымдастырылған профессоры С.А.Итегулова оқу құралының мазмұндық және құрылымдық жүйесімен таныстырып, өзіндік ерекшелігін санамалап берді. Оқу құралының концептуалды мақсаты – білім алушылардың тілдік біліктілігін кәсіби контексте жетілдіріп, ауылшаруашылығы саласына тән коммуникативтік жағдаяттарда еркін әрі сауатты қарым-қатынас жасай алатын жоғары білікті маман тұлғасын қалыптастыру екендігін баса көрсетті.
«Қазақ тілі пәні аграрлық саланың болашақ мамандарын даярлауда іргелі рөл атқарады. Ол студенттердің кәсіби даярлығын гуманитарлық біліммен ұштастырып, оқу жоспарындағы бейіндік пәндермен тығыз пәнаралық байланыста оқытылады. Оқу құралы кәсіби ақпаратты мемлекеттік тілде қабылдау, өңдеу және талдау мүмкіндігін қамтамасыз ете отырып, студенттің кәсіби әлеуметтенуіне тікелей ықпал етеді. Қазақ мектептерін бітіріп, тілді жетік меңгерген білім алушыларға қазақ тілін тереңдете оқыту – қазақ тілін ғылым тіліне айналдырудың бірден-бір тетігі» дейді серіктес автор Б.Р.Оспанова.
Таныстырылымға келген әріптестер де бұл пікірді қолдады. Мемлекеттік тілді дамыту институтының директоры, ф.ғ.к. Б.С.Қапалбек бұл бастаманың білім беру үдерісіндегі маңызын атап көрсетті.
Таныстырылым барысында сөз алған Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті Қазақ және орыс тілдері кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к. А.Ж. Үдербаев оқу құралының әдістемелік әлеуетіне назар бөліп, академиялық құндылығына тоқталса, Абай атындағы ҚазҰПУ, Филология факультеті Қазақ тілі теориясы және оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к. Е.С.Қасен кітаптың өзектілігін баса көрсетіп, келесі деңгейді қамтитын кешенді еңбекке ұластыру жөнінде ұсыныстар айтты.
Іс-шара соңында жиынға қатысушылар авторлар ұжымына шығармашылық табыс тілеп, жаңа оқу құралының аграрлық білім беру саласында кеңінен қолданылуына тілектестік білдірді. Ұсынылған пікірлер ескеріліп, еңбекті білім беру процесіне енгізу және оның жалғасын әзірлеу жөнінде шешім қабылданды.
ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі