KazNARU-ДА МАҢҒЫСТАУ ТУРИЗМ КОЛЛЕДЖІ СТУДЕНТТЕРІНЕ «АШЫҚ ЕСІК» КҮНІ ӨТТІ
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде Маңғыстау облысы Ақтау қаласындағы «Маңғыстау туризм колледжі» МКҚК студенттеріне арналған «Ашық есік» күні өтті. Іс-шара екі оқу орны арасында жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылып, студенттерді KazNARU-дың білім беру, ғылыми-зерттеу және кәсіби даярлау мүмкіндіктерімен таныстыруға бағытталды.
Колледж делегациясын өндірістік оқыту шебері Мереке Сәрсенова бастап келді. Сапардың негізгі бағыты тағам өнімдерін өндіру және өңдеу технологиясы, олардың сапасын бақылау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін қамтыды.
«Ашық есік» күні барысында студенттерге KazNARU-дың білім беру бағдарламалары туралы ақпарат беріліп, олар Өсімдіктер биотехнологиясы орталығы, «Тағам өнімдерінің технологиясы және сапасы» орталығы, Қазақстан-Жапон инновациялық орталығы, Халықаралық вакцинология орталығы, «Су хабы», Ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасы референттік орталығының жұмысымен және университет мұражайымен танысты.
Кездесу барысында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алып, тағам және қайта өңдеу өнеркәсібіндегі перспективалы бағыттар туралы мағлұмат алды. Мұндай кәсіби бағдар беру кездесулері жастарға болашақ мамандығын саналы таңдауға, жоғары білім алу мүмкіндіктерін бағалауға және кәсіби бағытын нақтылауға мүмкіндік береді.
Сапар аясында тараптар тағылымдамадан өту, кәсіби бағдар беру жұмыстарын жалғастыру және болашақта бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін де талқылады.