KazNARU-да СТУДЕНТТЕРГЕ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ КЕЗІНДЕГІ ҚАУІПСІЗДІК ЕРЕЖЕЛЕРІ ТҮСІНДІРІЛДІ
KazNARU-да студенттердің қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет ету дағдыларын дамыту мақсатында ақпараттық-түсіндіру дәрісі өтті.
Түсіндіру жұмыстарын Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Медеу ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері Әділ Бегалы жүргізді. Кездесу барысында табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу, қауіпсіздік талаптарын сақтау және ықтимал қауіп-қатерлер кезінде дұрыс әрекет ету тәртібі туралы ақпарат берді.
Алматы қаласының сейсмикалық қауіпті аймақта орналасуын ескере отырып, дәріс барысында жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік шараларына ерекше назар аударылды. Студенттерге зілзалаға алдын ала дайындалу, дүмпу кезінде дұрыс әрекет ету, қауіпсіз орындарды анықтау және эвакуациялау тәртібі түсіндірілді.
«Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау – төтенше жағдайлардың алдын алудың маңызды шарттарының бірі. Өрт туындаған жағдайда сабыр сақтап, жедел әрі дұрыс әрекет ету, қауіпсіздік ережелерін орындау және адамдарды қауіпсіз жерге эвакуациялау тәртібін білу қажет. Сондықтан әрбір студент төтенше жағдай кезінде өз өмірі мен айналасындағылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдарын меңгеруі тиіс», – деді Әділ Бегалы.
Іс-шара студенттердің төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттыруға, қауіпсіздік ережелерін меңгеруіне және жеке өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарау дағдыларын қалыптастыруға бағытталды.