ҚҰТҚАРУШЫ – ӨМІР МЕН ҮМІТТІҢ САҚШЫСЫ
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде Құтқарушылар күніне орай «Құтқарушы – өмір мен үміттің сақшысы» атты мерекелік іс-шара өтті. Оған Инженерлік технологиялар факультетінің «Аграрлық техника және технологиялар» кафедрасына қарасты «Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілік қауіпсіздігі» білім беру бағдарламасының 1–4 курс студенттері мен профессор-оқытушылар құрамы қатысты.
Іс-шара құтқарушы мамандығының қоғамдағы маңызын дәріптеуге, төтенше жағдайлар қызметкерлерінің еңбегіне құрмет көрсетуге және жастардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға арналды.
Бағдарлама барысында құтқарушылардың күнделікті қызметі мен ерлігін танытатын бейнеролик көрсетіліп, адам өмірін сақтаудағы батылдық пен кәсіби шеберлікті бейнелейтін сахналық көрініс ұсынылды.
Студенттер «Қауіпсіздік – өмір кепілі» танымдық сайысында төтенше жағдайлар кезіндегі әрекет ету ережелері бойынша білімдерін сынады. Практикалық көрсетілімдерде алғашқы көмек көрсету тәсілдері мен өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндірілді.
Мерекелік бағдарлама патриоттық әндермен және студенттердің өнер көрсетілімдерімен жалғасты. Адам өмірін қорғау жолында еңбек етіп жүрген құтқарушыларға алғыс айтылып, ізгі тілектер білдірілді.