KazNARU-да «РЕСПУБЛИКА ЖӘНЕ КОНСТИТУЦИЯ: ЖАУАПТЫ АЗАМАТ – ҚУАТТЫ МЕМЛЕКЕТ» АТТЫ ЗИЯТКЕРЛІК-АҒАРТУШЫЛЫҚ ОНКҮНДІК ӨТУДЕ
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде Республика күніне орай «Республика және Конституция: жауапты азамат – қуатты мемлекет» атты зияткерлік-ағартушылық онкүндік өтуде. Іс-шаралардың негізгі мақсаты – білім алушылардың азаматтық жауапкершілігін арттыру, құқықтық мәдениетін қалыптастыру және отансүйгіштік сезімін нығайту.
Онкүндік 15 қазанда Бизнес және құқық жоғары мектебінде өткен «Конституция және академиялық адалдық: заң үстемдігінен университет мәдениетіне дейін» атты сараптамалық дөңгелек үстелмен басталды. Абай университетінің студенттері қонақ ретінде қатысқан басқосуда жоғары білім беру жүйесіндегі академиялық адалдық, студенттердің оқу үдерісіндегі жауапкершілігі және университеттік ортада заң үстемдігі мен әділдік қағидаттарын орнықтыру мәселелері талқыланды.
«Орман шаруашылығы және жер ресурстары» факультетінде ұйымдастырылған «Құлан – еліміздің табиғи байлығы: биоалуантүрлілікті сақтау – экологиялық жауапкершілік» атты дөңгелек үстел құланды қорғау, биоалуантүрлілікті сақтау және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәселелеріне арналды.
Ал «Ветеринария және зооинженерия» факультетінің студенттері «Қазақстан – республикам менің!» атты танымдық іс-шара мен «Менің елім. Менің құқығым. Менің жауапкершілігім» атты дөңгелек үстелге қатысып, Конституция құндылықтары, белсенді азаматтық ұстаным және Отан алдындағы жауапкершілік тақырыптарын талқылады.
Агробиология факультетінде шетелдік білім алушыларға арналған «Welcome to Kazakhstan!» атты танымдық жоба ұйымдастырылды. Жоба студенттерді Қазақстанның тарихымен, мәдениетімен және салт-дәстүрлерімен таныстыруға, университеттің көпұлтты білім беру ортасында мәдениетаралық байланысты нығайтуға бағытталды.
Онкүндік аясында жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға және өзекті қоғамдық мәселелерді еркін талқылауға мүмкіндік беретін кездесулер де өтуде. «Орман шаруашылығы және жер ресурстары» факультетіндегі «Қуатты Қазақстан – жауапты жастар» атты еркін пікір алмасу алаңында жастардың ел дамуына қосар үлесі мен отаншылдық рухты нығайту мәселелеріне назар аударылды.
Сонымен қатар «Ветеринария және зооинженерия» факультетінде «Республикам – елдігімнің еңсесі» атты танымдық іс-шара, ал «Су ресурстары және IT-технологиясы» факультетінде «Ел болашағы – құқықтық сауатты ұрпақ» атты викториналық ойындар ұйымдастырылды. Қатысушылар тарихи танымын кеңейтіп, құқықтық білімдерін шыңдады.
Онкүндік бағдарламасы алдағы күндері де мазмұнды іс-шаралармен жалғасады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін жаппай орындау және Мемлекеттік Туын көтеру акциясын өткізу, студенттік жатақханаларда мемлекеттік рәміздерді орналастыру, «Республика рухы: құқықтық сана және ұлттық мүдде» зияткерлік ойындары мен «Таза Қазақстан – Таза қала – Таза университет» экологиялық акциясын ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, Республика күні мерекесі аясында бірінші курс студенттері арасындағы спартакиаданың жабылу салтанаты өтеді. Онкүндік «Менің елім – менің болашағым!» атты жалпыуниверситеттік мерекелік іс-шарамен қорытындыланады.
Онкүндік аясындағы іс-шаралар жастардың Конституция мен заңға құрметін нығайтып, академиялық адалдықты ұстанатын, ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын азамат болып қалыптасуына ықпал етеді.