KazNARU-да «ZERDELI INTERNATIONAL SCHOOL ALMATY» МЕКТЕБІНІҢ ТҮЛЕКТЕРІНЕ АРНАЛҒАН АШЫҚ ЕСІК КҮНІ ӨТТІ
2026 жылдың 27 қазанында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы «Zerdeli International School Almaty» мектебінің бітіруші түлектеріне арналған «Ашық есік күні» өтті.
Кәсіби бағдар беру іс-шарасының мақсаты – оқушыларға болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға бағыт-бағдар беру, университеттің білім беру және ғылыми-зерттеу мүмкіндіктерін таныстыру.
Сапар аясында мектеп түлектері университет мұражайын аралап, оқу орнының тарихымен танысты.
Сондай-ақ оқушылар Өсімдіктер биотехнологиясы орталығы, «Су ресурстарын басқару» ғылыми орталығы, Қазақстан-Жапон инновациялық және Халықаралық вакцинология орталықтары, «Тағам өнімдерінің технологиясы және сапасы» ғылыми-білім беру инновациялық орталығының зертханаларында болды.
Заманауи зертханаларды аралау оларға аграрлық ғылымның түрлі бағыттарымен жақынырақ танысып, ғылыми зерттеулердің тәжірибелік маңызын түсінуге мүмкіндік берді.
Кәсіби бағдар беру жұмысына KazNARU студенттері де атсалысып, оқушыларға өздерінің оқу тәжірибесі туралы айтып берді.
«Ашық есік күні» мектеп түлектерінің жоғары білім алу мүмкіндіктері туралы түсінігін кеңейтіп, болашақ кәсіби бағытын айқындауына ықпал етті.