KazNARU СТУДЕНТТЕРІ ЭЛЕКТР ҚОСАЛҚЫ СТАНЦИЯСЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

KazNARU СТУДЕНТТЕРІ ЭЛЕКТР ҚОСАЛҚЫ СТАНЦИЯСЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

2026 жылғы 4 қарашада Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің (KazNARU) студенттері «Алатау Жарық Компаниясы» («АЖК» АҚ) 110/10 кВ электр қосалқы станциясына барып, энергетикалық жабдықтардың жұмысымен және электрмен жабдықтау жүйесінің өндірістік үдерістерімен танысты.

Көшпелі оқу-танымдық экскурсияны Инженерлік технологиялар факультетінің «Энергетика және электротехника» кафедрасы ұйымдастырды. Оған 6В08702 – «Ауыл шаруашылығын энергиямен қамтамасыз ету» және 6В07109 – «Электротехникалық инжиниринг» білім беру бағдарламаларының 2-курс студенттері қатысты. Іс-шараның мақсаты – білім алушылардың теориялық білімдерін өндірістік тәжірибемен ұштастырып, кәсіби дағдыларын дамыту.

Экскурсия барысында студенттер электр қосалқы станциясының құрылымымен, электр энергиясын қабылдау, кернеуді 110 кВ-тан 10 кВ-қа дейін төмендету және тұтынушыларға тарату үдерістерімен танысты. Мамандар күштік трансформатордың, жабық тарату құрылғыларының, коммутациялық аппараттардың және басқа да электр техникалық жабдықтардың жұмыс істеу қағидаларын түсіндірді.

Сонымен қатар релелік қорғаныс және автоматика жүйелерінің қызметі, электр жабдықтарының жұмыс режимдерін бақылау, диспетчерлік басқару және электр қауіпсіздігі талаптары қарастырылды. Студенттер электр желілерінің сенімді әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, қысқа тұйықталу мен артық жүктемелерден қорғау тәсілдері туралы тәжірибелік мәлімет алды. Экскурсияны ұйымдастыруға кафедра докторанттары Зауре Сахи мен Даурен Сембай жауапты болды.

Көшпелі сабақ студенттердің теориялық білімдерін нақты өндірістік жағдайлармен байланыстырып, электр энергетикасы саласындағы кәсіби түсініктерін кеңейтуге мүмкіндік берді. Мұндай тәжірибеге бағытталған іс-шаралар университет пен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен агроөнеркәсіптік кешенді энергиямен қамтамасыз ету саласында білікті мамандар даярлауға ықпал етеді.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник