KazNARU ГЕРМАНИЯМЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ДАМЫТУДА
KazNARU-да Германия Федеративтік Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Маттиас Кислер бастаған делегациямен ресми кездесу өтті.
Кездесудің басты мақсаты – Қазақстан мен Германия арасындағы жоғары білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайту, академиялық байланыстарды кеңейту, студенттер мен оқытушылар алмасуын дамыту және бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру перспективаларын талқылау.
Германия делегациясының құрамында Бас консулдықтың өкілі Самуэль Фастенрат, құқықтық және консулдық бөлімінің басшысының орынбасары Цзэ Лун Хуанг, Германияның академиялық алмасу қызметінің (DAAD) лекторы Андреас Четковский және Eurasia Group Kazakhstan компаниясының персоналды басқару жөніндегі директоры Ольга Айткенова болды.
Университет атынан кездесуге академиялық мәселелер жөніндегі проректор Гүлмира Алпысбаева, Жасыл және тұрақты даму институтының директоры, профессор Рафис Абазов, Халықаралық офис басшысы Абзал Әбдіраманов, «Су ресурстары және IT-технологиялар», «Ветеринария және зооинженерия», «Агробиология» факультеттерінің декандары Ерболат Қайыпбаев, Асылбек Мусоев және Ержан Абильдаев, сондай-ақ құрылымдық бөлімшелердің өкілдері қатысты.
Кездесу барысында студенттердің Германияда білім алу, халықаралық академиялық бағдарламаларға қатысу және кәсіби тәжірибе жинақтау мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Германия Бас консулдығының құқықтық және консулдық бөлімінің басшысының орынбасары Цзэ Лун Хуанг Германияның жоғары оқу орындарына түсу тәртібі, қажетті құжаттарды дайындау және визалық өтінімдерді рәсімдеу талаптары жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар Германияда білім алу үшін қойылатын негізгі талаптар мен неміс тілін меңгерудің маңыздылығын түсіндірді.
Өз кезегінде DAAD бағдарламалары, халықаралық тағылымдамалар және кәсіби даму мүмкіндіктері талқыланды. Студенттердің шетелдік академиялық ортада тәжірибе жинақтауы, тілдік құзыреттерін жетілдіруі және халықаралық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасуының маңыздылығы атап өтілді.
Жиын аясында Германиядағы APOLLO e. V. ұйымының бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өткен KazNARU студенттері өз тәжірибелерімен бөлісіп, шетелдік тағылымдаманың кәсіби және академиялық дамуға қосқан үлесі туралы әңгімеледі.
Кездесу қорытындысында тараптар білім беру, академиялық ұтқырлық және ғылыми-зерттеу бағыттарындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға мүдделілік танытты.
Бұл кездесу KazNARU мен Германияның дипломатиялық, академиялық және іскерлік ұйымдары арасындағы әріптестікті нығайтуға, сондай-ақ университеттің халықаралық ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам болды.