KazNARU АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ МЕКТЕП БІТІРУШІЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
2026 жылғы 11 қарашада KazNARU-да Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Талғар, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарындағы 190 мектептің 11-сынып оқушыларымен «Мамандықты дұрыс таңдау – болашаққа бастар жол» атты тақырыбында кездесу өтті.
KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Пірімқұл Ибрагимов мектеп бітірушілеріне арнаған сөзінде болашақ мамандықты саналы таңдаудың маңызын атап өтіп, жастарға сапалы білім алуға және кәсіби тұрғыдан дамуға ұмтылудың қажеттігін жеткізді. Шараның мақсаты – жастарға мамандықты саналы түрде таңдауға бағыт-бағдар беру және университеттің білім беру мүмкіндіктерімен таныстыру.
Жиынға Алматы облысы білім басқармасының басшысы Қайрат Жұманов, мектеп директорлары, сынып жетекшілері, кәсіби бағдар беруші педагогтер мен университет оқытушылары қатысты.
Оқушыларға университеттің білім беру бағдарламалары, халықаралық байланыстары және студенттердің жан-жақты дамуына арналған мүмкіндіктері таныстырылды. Факультеттер мен «Бизнес және құқық» жоғары мектебінің мамандары мамандықтардың ерекшеліктері мен даярлау бағыттары туралы ақпарат берді. Сондай-ақ әскери кафедраның қызметі мен университеттің спорттық мүмкіндіктері туралы бейнематериалдар көрсетілді.
Кәсіби бағдар беру жұмысына түрлі білім беру бағдарламаларында оқитын студенттер, соның ішінде мемлекеттік білім грантының иегерлері де қатысты. Олар мамандық таңдау тәжірибесімен бөлісіп, оқу үдерісі мен студенттік өмір туралы әңгімеледі. Студенттермен тікелей пікір алмасу мектеп бітірушілерге өз қызығушылықтары мен қабілеттеріне сай білім беру бағытын таңдауға мүмкіндік берді.
Кездесу соңы сұрақ-жауап форматында жалғасып, оқушылар университет мамандарына өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Өңір мектептерімен жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқан кәсіби бағдар беру жұмысы жастардың қабілеті мен мақсатына сай мамандық таңдап, болашағын саналы жоспарлауына ықпал етеді.