KazNARU СТУДЕНТТЕРІ FOODEXPO ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕСІНДЕ
KazNARU-дың «Зооинженерия және биотехнология» кафедрасында білім алатын Малайзия, Түрікменстан және Қазақстан студенттері FoodExpo халықаралық көрмесіне танымдық сапар жасады. Сапарды кураторлар Фатима Сағымбек, Айнұр Орақбаева және Ләйлә Бупебаева ұйымдастырып, білім алушыларға жетекшілік етті.
Көрме барысында студенттер тамақ өнеркәсібіндегі жаңалықтармен, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу технологияларымен, биотехнологиялық өнімдермен және зертханалық жабдықтармен танысты. Отандық және шетелдік компаниялар ұсынған әзірлемелер мен технологиялық шешімдер олардың қызығушылығын тудырды.
Білім алушылар сала мамандарымен әңгімелесіп, өндірістегі инновациялық үдерістер, өнім сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жаңа технологияларды енгізу және мамандардың кәсіби даярлығына қойылатын талаптар жөнінде ақпарат алды.
Танымдық сапар студенттердің теориялық білімдерін тәжірибемен байланыстыруына, кәсіби ой-өрісін кеңейтуіне және болашақ мамандығының өндірістегі мүмкіндіктерін тереңірек түсінуіне ықпал етті. Сондай-ақ үш елдің жастары үшін өзара пікір алмасуға, мәдени байланыстарды нығайтуға және бірлесіп білім алуға мүмкіндік берді.