Болашақ су шаруашылығы мамандарына арналған ашық сабақ
Білім беру үдерісінің сапасын арттыру, студенттердің теориялық білімдерін тереңдету және кәсіби құзыреттіліктерін дамыту мақсатында «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» Ұлттық зерттеу университетінің (ТИАШМИИ ҰЗУ) Алматы филиалында 6В08604 – «Су шаруашылығы және мелиорация» білім беру бағдарламасының 2-курс студенттеріне арналған «Су ағызғыш құрылыстар және олардың гидротехникалық жүйелердегі маңызы» тақырыбында ашық сабақ өткізілді.
Ашық сабақты профессор Сейтасанов Ибрагим Сматович өткізді. Сабаққа филиал директорының орынбасары мен профессор-оқытушылар құрамының өкілдері де қатысты. Оқу үдерісінің ұйымдастырылуына, студенттердің белсенділігіне және теориялық білімді болашақ кәсіби қызметтегі практикалық міндеттермен ұштастыруға ерекше назар аударылды.
Сабақ барысында профессор су ағызғыш құрылыстардың негізгі түрлерін, олардың құрылымдық ерекшеліктерін, жұмыс істеу қағидаттарын және су шаруашылығы жүйелеріндегі атқаратын қызметін жан-жақты түсіндірді. Су ағызғыштардың су деңгейін реттеудегі, су ағынын қауіпсіз өткізудегі және гидротехникалық құрылыстардың сенімді жұмысын қамтамасыз етудегі рөліне ерекше көңіл бөлінді.
Сонымен қатар студенттер су ағызғыш құрылыстардың гидравликалық сипаттамалары, олардың су өткізу қабілетіне әсер ететін негізгі факторлар және жобалау кезінде ескерілетін инженерлік талаптар туралы білімдерін кеңейтті. Профессор И.С. Сейтасановтың жетекшілігімен теориялық материалдар практикалық мысалдармен ұштастырылып, болашақ мамандар үшін гидротехникалық құрылыстарды дұрыс жобалау мен тиімді пайдаланудың маңыздылығы атап өтілді.
Ашық сабақ студенттердің кәсіби және аналитикалық ойлау қабілетін дамытуға, инженерлік мәселелерді талдау дағдыларын қалыптастыруға және су шаруашылығы мен мелиорация саласындағы білімдерін тереңдетуге бағытталды.
Мұндай ашық сабақтарды өткізу білім беру үдерісінің сапасын жетілдіруге, профессор-оқытушылар құрамы арасында педагогикалық тәжірибе алмасуға және оқытудың тиімді әдістерін енгізуге ықпал етеді. Филиал басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамының қатысуы академиялық ынтымақтастықты нығайтуға және оқу сабақтарын ұйымдастырудың озық тәжірибелерін кеңінен қолдануға мүмкіндік береді.
ТИАШМИИ ҰЗУ Алматы филиалында осындай білім беру іс-шараларын ұйымдастыру болашақ су шаруашылығы мамандарының кәсіби даярлық деңгейін арттыруға, теория мен тәжірибе арасындағы байланысты нығайтуға және заманауи әрі тиімді білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.




