KazNARU ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ЗЕРТТЕУ НӘТИЖЕЛЕРІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СИМПОЗИУМДА ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

KazNARU ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ЗЕРТТЕУ НӘТИЖЕЛЕРІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СИМПОЗИУМДА ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

2026 жылғы 25–26 қарашада Оңтүстік Кореяның Чхунбук ұлттық университетінде (Chungbuk National University) Қазақстан, Оңтүстік Корея, Қытай және Филиппин ғалымдарының қатысуымен «Native Livestock Symposium 2026» халықаралық ғылыми симпозиумы өтті.

Симпозиумды ашқан профессор Кван Сок Ким (Kwan Suk Kim) жергілікті мал тұқымдарының генетикалық ресурстарын зерттеудің ғылыми және практикалық маңызына, зерттеу нәтижелерін малдың генетикалық әлеуетін арттыруда пайдалану мүмкіндіктеріне және университеттер арасындағы ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға тоқталды.

KazNARU-дың «Клиникалық пәндер» кафедрасының профессоры, биология ғылымдарының кандидаты Есенғали Үсенбеков «Қазақстандағы жергілікті ірі қара мал мен түйелердің генетикалық ресурстары: маңызы, қазіргі зерттеулер және сақтау стратегиялары» тақырыбында баяндама жасады.

Соңғы он жылда университеттің ғылыми-зерттеу тобы ірі қара малдың репродуктивтік қызметі мен маститке төзімділігіне байланысты ДНҚ маркерлерін зерттеу, сондай-ақ гольштейн, джерси және ангус тұқымдарындағы тұқым қуалайтын ауытқуларды анықтаудың молекулалық-генетикалық әдістерін әзірлеу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізді.

Симпозиумда AP19674808 ғылыми жобасы аясында Қазақстандағы ірі қара малдың бес жергілікті тұқымын – қазақтың ақбас, қалмақ, әулиекөл, алатау және әулиеата тұқымдарын толық геномдық секвенирлеу нәтижелері ұсынылды. Биоинформатикалық талдау барысында зат және май алмасу, малдың өсуі, бұлшықет массасының қалыптасуы, сүт өнімділігі мен ауруларға төзімділік белгілеріне байланысты кандидат гендер анықталды. Зерттеу нәтижелері жоғары рейтингті халықаралық ғылыми журналдарда жарияланып, Қазақстан Республикасының өнертабыс патенттері алынды.

Шетелдік ғалымдар қалмақ тұқымының табиғи-климаттық жағдайларға бейімделу ерекшеліктеріне, төлін қорғау қабілетіне және оны өсірудің экономикалық тиімділігіне қызығушылық танытты. Сонымен қатар әулиеата және алатау тұқымдарының санының азаюы, олардың генетикалық қорын сақтау мәселелері талқыланды. Малдың өнімділігі мен генетикалық әлеуетін арттыруда қолдан ұрықтандыру, жынысы бойынша сұрыпталған шәуетті пайдалану және эмбриондарды трансплантациялау технологияларының маңызы атап өтілді.

Баяндаманың маңызды бағыттарының бірі түйе шаруашылығына арналды. AP26194317 ғылыми жобасы аясында Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен алынған бір өркешті (дромедар) және қос өркешті (бактриан) түйелердің ДНҚ үлгілеріне толық геномдық секвенирлеу жүргізілді. Зерттеу барысында түйелердің табиғи ортаға бейімделуіне байланысты кандидат гендер анықталып, зерттелген популяцияларда гетерозиготалық деңгейінің төмендеуі, инбридинг деңгейінің жоғарылауы және генетикалық полиморфизмнің азаюы байқалды.

2026 жылы Түркістан және Қызылорда облыстарындағы түйелердің геномдық секвенирлеу деректеріне Қытайдың Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетінің (Northwest A&F University) ғалымдарымен бірлесіп кешенді талдау жүргізілді. Бұл зерттеу университеттер арасындағы ғылыми ынтымақтастықтың тиімділігін көрсетті.

Симпозиум аясында профессорлар Нинбо Чэнь (Ningbo Chen), Агапита Салсес (Agapita J. Salces) және PhD докторант Хуэйсюань Янь (Huixuan Yan) ұсынған зерттеулер де талқыланды. Ғалымдар геномды редакциялау, мал өнімділігін ерте болжау және генетикалық зерттеу нәтижелерін селекциялық-асылдандыру жұмыстарына енгізу перспективалары бойынша тәжірибе алмасты.

Іс-шара қорытындысы бойынша Қытайдың Northwest A&F University университетімен Қазақстандағы жергілікті мал тұқымдарының генетикасын бірлесіп зерттеу, Chungbuk National University тарапынан ғылыми-әдістемелік қолдау алу және жас қазақстандық ғалымдардың Филиппин университетінің Лос-Баньос кампусында (UPLB) өтетін жыл сайынғы халықаралық конференцияға қатысуы жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Халықаралық ғылыми симпозиумға қатысу KazNARU ғалымдарының зерттеу нәтижелерін әлемдік ғылыми қоғамдастыққа таныстыруға, отандық мал шаруашылығының генетикалық ресурстарын сақтауға және халықаралық ғылыми байланыстарды одан әрі дамытуға мүмкіндік берді.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник