Жоба туралы
Жоба жетекшісі

Бесембаева Ляйля Бекжановна
инженерлік ғылымдар магистрі
Scopus Author ID: 57205304219
Researcher ID: AGV-7724-2022
ORCID: 0000-0002-6045-7462
Өзектілігі
Ірі қара малдың желінсауы Қазақстанды қоса алғанда, бүкіл әлемде сүтті мал шаруашылығындағы ең кең таралған және экономикалық тұрғыдан маңызды аурулардың бірі болып қала береді. Бұл ауру сүт өнімділігінің төмендеуіне, сүт сапасының нашарлауына, малдың мерзімінен бұрын жарамсыздыққа шығарылуына және шаруашылықтарға елеулі қаржылық шығын келтіреді. Желінсаудың этиологиясында Staphylococcus spp. туысына жататын микроорганизмдер маңызды орын алады, олар жоғары вируленттілік факторларымен және биопленка түзу қабілетінің айқындылығымен сипатталады.
Соңғы жылдары метициллинге төзімді (MRSA), ванкомицинге төзімді (VRSA) және мультирезистентті стафилококк штаммдарының таралуы ерекше алаңдаушылық тудыруда, бұл дәстүрлі антибиотикотерапияның тиімділігін айтарлықтай төмендетеді. Биопленкалардың түзілуі қоздырғыштардың антимикробтық препараттарға және ағзаның иммундық қорғаныс тетіктеріне төзімділігін арттырып, сүт безіндегі қабыну процестерінің созылмалы және рецидивті түрге ауысуына ықпал етеді.
Ветеринариялық практикада антибиотиктерді кең және жиі бақылаусыз қолдану антибиотикке төзімділіктің жылдам таралуына ғана емес, сонымен қатар сүтте дәрілік заттардың қалдықтарының жиналуына әкеліп, азық-түлік қауіпсіздігі мен адам денсаулығына қауіп төндіреді. Осыған байланысты желінсауды емдеудің антибиотиксіз балама әдістерін іздеу қазіргі ветеринариялық ғылымның басым бағыттарының бірі болып табылады және «Біртұтас денсаулық» (One Health) жаһандық тұжырымдамасына сәйкес келеді.
Биологиялық белсенді қосылыстарға бай өсімдік сығындылары айқын антимикробтық және қарсы биопленкалық қасиеттер көрсетіп, қауіпсіз әрі экологиялық таза емдік құралдарды әзірлеудің перспективті бағыты ретінде қарастырылуда. Қазақстан флорасының бай әртүрлілігі антибиотикке төзімді мастит қоздырғыштарына тиімді әсер ететін фитопрепараттарды іздеу мен ғылыми негіздеуге бірегей мүмкіндік береді.
Осы тұрғыда MRSA, VRSA және мультирезистентті стафилококктардың биопленкаларын жоюға бағытталған өсімдік сығындылары негізіндегі препараттарды әзірлеу ғылыми тұрғыдан негізделген, әлеуметтік маңызы жоғары және экономикалық тұрғыдан тиімді болып табылады. Жобаны іске асыру сүтті мал шаруашылығында антибиотиктерге тәуелділікті азайтуға, желінсауды емдеудің тиімділігін арттыруға, сүт өнімдерінің сапасын жақсартуға және антимикробтық резистенттілік мәселесіне қарсы күреске үлес қосуға мүмкіндік береді.
Мақсаты
Сиыр желінсауын емдеуге өсімдік сығындылары негізінде препарат жасау, оның антибиотикке төзімді стафилакокктардың биопленкасына әсерін және антимикробтық қасиеттерін зерттеу.
Күтілетін және қол жеткізілген нәтижелер
1. Оңтүстік, Оңтүстік-Шығыс Қазақстандағы шаруашылықтарда MRSA және VRSA штамдары және мультирезистентті стафилококтардың тудырған сиыр желінсауының таралуына мониторинг жасалады.
2. Стафилококктардың MRSA, VRSA және мультирезистентті штаммдарына фенотиптік және генотиптік сипаттама беріледі.
3. Стафилококктардың бөлініп алынған өсінділерінің биопленка түзу қабілеті мен антибиотиктерге төзімділік деңгейін планктонды бактериялармен салыстыра отырып, бағаланады.
4. Микробқа қарсы және биопленкаға қарсы қасиеттері айқын емдік өсімдіктердің полифитті формуласының компоненттері таңдалады.
5. Полифитті формуланы алу үшін өсімдік сығындыларын алу технологиясы жасалады.
6. MRSA, VRSA және мультирезистентті стафилококктардың биопленкасын тежеудің және биопленканы жоюдың минималды концентрациясы анықталады.
7. Полифит формуласы негізінде әзірленген препараттың терапевтік тиімділігі Алматы облысы шаруашылықтары жағдайында бағаланады.
Әлеуетті пайдаланушылар үшін ақпарат
Сүтті мал шаруашылығындағы экономикалық шығындардың едәуір бөлігі желінсауды ұзақ уақыт емдеумен және сиырлардың өнімділігінің төмендеуімен байланысты, әсіресе антибиотиктерге төзімді микроорганизмдер тудырған инфекциялар кезінде. Метициллинге төзімді және мультирезистентті Staphylococcus spp. штаммдарының таралуы дәстүрлі ветеринариялық препараттардың тиімділігін айтарлықтай шектеп, шаруашылықтардың емдеуге және малды жарамсыздыққа шығаруға жұмсайтын шығындарын арттырады.
Өсімдік сығындыларына негізделген, антибиотикке төзімді және биопленка түзуші қоздырғыштарға қарсы белсенді отандық желінсауға қарсы препаратты әзірлеу антибиотиктерге тәуелділікті төмендетуге, емдеу нәтижелілігін арттыруға және сүт шаруашылықтарының қаржылық шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді.
Әзірленген технологияны енгізу мал басының сақталуын қамтамасыз етіп, табын өнімділігінің өсуіне және антибиотик қалдықтарына байланысты қауіптерсіз жоғары сапалы сүт өнімдерін алуға ықпал етеді.
Ғылыми кеңесші
Киркимбаева Жумагуль Слямбековна
в.ғ.д., профессор
Scopus Author ID: 56273059600
ORCID:0000-0003-3873-9049