Университетімізде "Біздің денсаулығымыз – біздің болашағымыз" тақырыбында апталық өтеді
Жастардың денсаулығы – басты байлық
2024 жылдың 12 ақпанында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің білім алушылары арасында жұқпалы аурулардың алдын-алу, салауатты өмір-салтын насихаттау мақсатында Тәрбие жұмысы жөніндегі Департаменттің ұйымдастыруымен «Біздің денсаулығымыз – біздің болашағымыз» тақырыбында апталық өтеді.
Апталық аясында «Almaty Clinic» медициналық орталығының, Алматы қаласының «Психикалық сауықтыру орталығының», «ЖИТС/СПИД орталығының» дәрігерлері және тағы басқа құзыретті мамандар «Вирусты гепатитттің алдын алу», «Жастардың репродуктивті денсаулығын сақтау. АИТВ (ВИЧ), ЖИТС (СПИД) және тағы басқа жұқпалы аурулардың алдын-алу», «Мінез-құлық қаупі факторларының (темекі шегу, нашақорлық, алкоголизм, психотропты заттарды қолдану және т.б. алдын алу» тақырыбында лекциялар оқып, ақпараттық қағаздар мен плакаттар таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Сонымен бірге арнайы шақырылған практик-психологтар қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі - менталды денсаулықтың маңыздылығы туралы, оны сақтаудың жолдары туралы тренинг өткізіп, сауалнамалар мен тест жүргізу арқылы білім алушыларды әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан (стреске төзімділік, эмоциялық қажу, тәуелділікті анықтау, тұлғаның психикалық күйі және т.б.) зерттеу жұмысын ұйымдастырып, талдау жасауды жоспарлап отыр.
Белсенді студент жастар «Қозғалыс-өмір негізі!» барлық оқу корпустары мен студенттік жатақханаларда сергіту жаттығуларын жасау челленджін бастамақ. Апталық аясында «Зиялы қазақ» дебат клубының мүшелері өмірлік құндылықтар, салауааты өмір салтын ұстану жайында пікірталас ұйымдастырады. Сонымен бірге салауатты өмір салты туралы ең қызықты слоган ойлап табу конкурсы да назарға алынған.
Апталық аясында «Тазалық-денсаулық кепілі» дегенді бағдар еткен студенттік жатақханалар бейсенбі күні тазалық күнін өткізеді. Апталық соңы табиғат аясындағы тимбилдингпен қорытындыланады.
Сіздерді апталыққа белсене қатысуға, білікті медицина қызметкерлерінен денсаулықты нығайтуға бағытталған толық ақпараттарды алуға, салауатты өмір салтын қалыптастырудың негізгі қағидаттарын білуге шақырамыз!
Апталық жоспары университет сайтында ілулі тұр.
Тәрбие жұмысы жөніндегі Департамент