KazNARU

ТАРИХИ СӘТ! ЕЛДОС СМЕТОВ – ПАРИЖ ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ ЧЕМПИОНЫ

Ұлттық құрама көшбасшысы Елдос Сметов (60 кг) Олимпиада чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі. Бұл туралы Astana TV жазды. 

Қазақ палуаны Париждегі ойындардың финалында Лука Мхеидземен (Франция) күресіп, қарсыласынан басым түсті.

Осылайша, Елдос Сметов олимп шыңын бағындырып, есімін қазақ спорты тарихына алтын әріппен қашап жазды. Тараздық татами шебері осыған дейін 2016 жылы Рио Олимпиадасында финалға шыққанымен қарсыласына есе жіберіп, күміспен күптелген. Ал Токиодағы ойындарда Торнике Чкадуаны жығып, үздік үштікті түйіндеген. Ал бүгін Елдос өміріндегі басты белдесуде бар шеберлігін паш етті.

Сондай-ақ Сметов барлық деңгейдегі дзюдо бәсекесінде алтыннан алқа таққан тұңғыш қазақ палуанына айналды.

Жалпы Сметов үшін Парижде жеребе оңай болған жоқ. Іріктеуде Торнике Чкадуаны (Нидерланд), Дильшот Халматовты (Украина), ширек финалда Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Янг Ю Вейді (Тайпей) жыққан. Ал жартылай финалда әлем чемпионы, Еуропа чемпионатының 3 дүркін жеңімпазы Франсиско Гарригостан (Испания) қосымша уақытта (golden score) айласын асырды.

Парижде ерлер арасында 60 кг дейінгі салмақта қоланы Франсиско Гарригос пен Рюдзу Нагаяма (Жапония) алды.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник