БИОТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ТҰРАҚТЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА ПАЙДАЛАНУ БОЙЫНША ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӘРІС
Бүгін Алматыда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Agritech HUB базасында биотехнологияларды тұрақты ауыл шаруашылығында пайдалануға мүдделі тараптардың қатысумен офлайн/онлайн форматта халықаралық дәріс өткізілді. KazNARU ұйымдастырған маңызды бағдарламаның тақырыбы аграрлық технологияларда биокөмірді (Biochar) пайдалану әлеуетіне бағытталған.
KazNARU Төрағасы - Ректордың бірінші орынбасары, профессор Пірімқұл Ибрагимов құттықтау сөзінде ауыл шаруашылығының тұрақтылығын арттыру үшін биотехнологияларды енгізудің қазіргі таңдағы маңыздылығын атап өтті.
Модератор – профессор, KazNARU проректоры Рафис Абазов халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығы және университетіміздің шетелдік серіктестерімен ынтымақтастықты дамыту перспективасының жан-жақтылығына тоқталды.
Бейнебайланыс арқылы қосылған ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі NatCOM бірінші хатшысы Бақберген Қойшыбаев, Ислам ұйымының білім, ғылым және мәдениет жөніндегі өкілі, доктор фахман Фатуррахман халықаралық бас қосу жиынына сәттілік тіледі.
Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымының бағдарламалар және жобалар Департаментінің директоры, профессор Зульфикар Әли бүгінгі таңдағы өндірілетін ауылшаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдарының қарастырылып жатқанына кеңінен тоқталды.
Бірінші сессия биокөмірді ауыл шаруашылығында пайдалануға енгізуге арналды. Қатысушылар Biochar технологияларын коммерцияландыру және оларды Қазақстанның агротехнологиялық процестеріне енгізу әлеуетін талқылады.
Пәкістан Ислам Республикасының Ұлттық Ғылым және технологиялар университеті, Атта-ур-Рахман қолданбалы биология ғылымдары мектебінің өсімдіктер экологиясы кафедрасының, және ауылшаруашылық ғылымдары мен технологиялар факультетінің доценті, доктор Гулам Хайдер «Көміртекті сіңіру және топырақ денсаулығын жақсарту үшін биокөмір» тақырыбында дәріс оқыды.
Сондай-ақ Халықаралық биотұздалған ауыл шаруашылығы орталығының табиғи ресурстарды тұрақты басқару секциясындаңы топырақ ресурстарын басқару жөніндегі ғалымы, доктор Ахмед Х. Эль-Наггар «Биокөмірдің өсімдік шаруашылығына әсері» атты мәселені таратып түсіндірді.
Іс-шара аясында IOFS, ICESCO, KazNARU мен Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының өкілдерінің қатысуымен Biochar машинасының прототипін беру сертификатына қол қою рәсімі өтті.
"Бұл іс-шара еліміздің инновациялар мен табиғи ресурстарды сақтауға деген ұмтылысын көрсете отырып, Қазақстандағы ауыл шаруашылығының орнықты дамуы жолындағы маңызды қадам болды" - деді Пірімқұл Ибрагимов.
Бағдарлама 29 тамызда биокөмірді қолданудың әртүрлі аспектілерін, соның ішінде оның топырақты жақсартудағы, өнімділікті арттырудағы және көміртегі шығарындыларын азайтудағы рөлін зерттеуге бағытталған терең семинарлар мен практикалық сабақтармен жалғасады.
KazNARU Баспасөз қызметі