KazNARU

ЖАҢҒЫРҒАН KazNARU-дың ЖАҢА СТУДЕНТТЕРІНЕ АҚ ЖОЛ

✅ Бүгін Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы-Ректор, ҚР ҰҒА Президенті Ақылбек Күрішбаев жаңадан қабылданған бірінші курс студенттерін еліміздің байырғы, жетекші жоғары оқу ордасындағы алғашқы қадамдарымен құттықтады.

✅ Университет басшысы жас өрендерге сәт сапар тілей отырып, жүз жылға жуық шежіресі бар KazNARU-да бүгінгі таңда білім беру мен ғылымды игерудің сипаты мүлде өзгергенін және үлкен бетбұрыстар жүріп жатқанын атап өтті.

Оқу ордасының құрамына 4 ірі ғылыми-зерттеу институты мен бір тәжірибелік шаруашылық қосылып, нағыз заманауи ғылыми зерттеу университетіне айналды. KazNARU базасында «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтының» филалы ашылды. Мұнда су ресурстарын басқару, суды пайдалану, мелиорация жөніндегі білікті кадрлар бірлесе даярланады. Жаңадан «Су ресурстары және ІТ технологиясы» факультеті, Қытай аграрлық университеті және Dayu Irrigation Group компаниясымен бірлесіп, су ресурстарын ақылды басқару үшін «Цифрлық зертхана», Ланьчжоу университетімен бірлесіп, озық технологиялардың трансфертін қамтамасыз ететін «Қазақстан-Қытай Ақылды ауыл шаруашылығы» орталығы, Қытайдың Henan Qianlian Landscape Design Engineering Co. Қолдауымен «Қазақстан - Қытай ландшафттық инновациялар орталығы» құрылды.

✅ Бұл бастамалардың барлығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында айтылғандай, еліміздің экономикасын білікті мамандармен қамтамасыз ету туралы тапсырмасын жүзеге асырудың алғы шарттары.

✅ «Біз болашақта сұранысқа ие болатын бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы мамандарын даярлауды басты мақсат тұтамыз. Араларыңыздан ертеңгі күні ауыл шаруашылығының білікті маманы, белгілі бизнесмендер, ел басқаратын әкім, министр, депутаттар шығатынына кәміл сенімдімін. Өйткені, сіздер QS халықаралық рейтингісі бойынша Орта Азияда 6-шы, Қазақстанда 5-ші орын алатын таңдаулы білім ордасына түсіп отырсыздар! Сондай-ақ, алдағы уақытта әлемнің озық ЖОО-ларында бір мезгілде қатар оқып, екі диплом алу мүмкіндіктері ашылды. Осы орайда сіздерден екі-ақ нәрсе талап етіледі. Біріншісі – сабақты жақсы оқып, терең білім меңгеру, жан-жақты белсенді болу; екіншісі – университеттің ішкі тәртібін қатаң сақтау. Бұл – әділетті университеттің білім алушыға қатысты бұлжымас қағидаты. Сіздерге ақ жол тілеймін!», - деді Ақылбек Күрішбаев.

✅ Жаңа оқу жылында университетімізге 1500-ге жуық мемлекеттік грант иегері қабылданды. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есеге көп. Олардың арасында 9 «Алтын белгі», 36 «Қызыл аттестат» иегері, спорт шеберлері мен көп тілді меңгерген алғыр жастар бар. Сонымен бірге Қытай, Ресей, Малайзия, Камбоджа, Египет, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан т.б. шет мемлекеттерден 200-ден астам студент біздің университетімізді таңдады. Бұл оқу ордамыздың отандық және әлемдік білім кеңістігіндегі беделінің күннен күнге артып, кеңінен таныла бастағанының айқын дәлелі.

✅ «Бірақ, біздің негізгі көздегеніміз – білім алушыларың саны емес, оқу бағдарламасының сапасы! Түпкі мақсатымыз – әлемдік талаптарға сай заманауи, әділетті университет құру! Осы бағытта университеттің материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. Барлық оқу-зертханалық ғимараттар мен студенттік жатақханаларға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. 30 жылда бірінші рет 450 орындық 9 қабатты заманауи үлгідегі жаңа жатақхананың құрылысы басталды. Жүйелі атқарылған істердің нәтижесінде, KazNARU Алматы қаласында өз студенттерін жатақханамен толық қамтамасыз еткен жалғыз университет атанып отыр. Соңғы екі жылда қоғамның, ата-аналардың бізге деген сенімі артып, университеттің жағымды имиджі қалыптасты», - деді Ақылбек Қажығұлұлы.

✅ «Бүгін мен жемісті жұмыстар атқарған университетіміздің Қабылдау комиссиясына, жауапты проректорлар мен декандарға, жалпы оқу ордамыздың ұжымына ерекше алғысымды айтамын!», - деді сөзінің соңында университет басшысы.

✅ Дәстүрлі салтанатты жиынға университеттің басшылары, профессор-оқытушылар құрамы, ардагер ұстаздар, декандар мен кафедра меңгерушілері, студенттер мен олардың ата-аналары қатысты. Сондай-ақ, Пекиннен әріптестік сапармен келген Қытай ауыл шаруашылығы университетінің Вице-президенті Ду Тайшын мырза осы салтанатты жиынға арнайы қатысып, жылы лебізін білдірді.

✅ Жиналған студенттер мен қонақтар үшін Қазақстанның эстрада жұлдыздары, «Мұзарт» тобының әншісі Кенжебек Жанәбілов және басқа белгілі өнерпаздар ән-шашу арнады.

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник