KazNARU мен ҚЫТАЙ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ
Бүгін Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы-Ректор, ҚР ҰҒА Президенті Ақылбек Күрішбаев Пекиндегі Қытай ауылшаруашылық университетінің Вице-президенті, профессор Ду Тайшэнмен кездесті.
Профессор Ду Тайшэн су қатынастарын реттеу мен өсімдіктерді суару саласындағы әлемдік деңгейдегі білікті сарапшы. Ол ҚАУ вице-президенттігіне дейін Гонконг баптистік университетінде және АҚШ-тың Калифорния университетінде жетекші ғылыми зерттеуші болып жұмыс істеген. Құрғақшылығы басым аймақтарда энергия-су жүйелерімен жұмыс істеу мәселелріне арналған 200-ге жуық ғылыми еңбектері халықаралық беделді басылымдарда жарияланған. Сонымен қатар, Agricultural Water Management журналының қауымдастырылған редакторы.
KazNARU басшысы Ақылбек Күрішбаев соңғы жылдары университеттің ҚХР білім беру ұйымдарымен, соның ішінде Қытай аграрлық университеті сияқты ірі жоғары оқу орындарымен байланыстың қарқынды дамып келе жатқанын айтып берді.
«Біз осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, KazNARU базасында Қытай аграрлық университеті және Dayu Irrigation Group компаниясымен бірлесіп, су ресурстарын ақылды басқару үшін «Цифрлық зертхана», Ланьчжоу университетімен бірлесіп, озық технологиялардың трансфертін қамтамасыз ететін «Қазақстан-Қытай Ақылды ауыл шаруашылығы» орталығы, Қытайдың Henan Qianlian Landscape Design Engineering Co. қолдауымен «Қазақстан - Қытай ландшафттық инновациялар орталығы» құруға қол жеткіздік. Бүгін Сіздің қатысуыңызбен «Қазақстан-Қытай қуаңшылық өңірлерде суды барынша тиімді пайдалану жөніндегі халықаралық зертханасын» ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл бастамалар болашақта екі елдегі агросаланың өзекті мәселелері бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, жаңа технологиялар трансфертін жүзеге асыруға, бәсекеге қабілетті мамандарды бірлесе даярлауға мүмкіндік беретіні анық», - деді Ақылбек Күрішбаев.
Өз кезегінде Ду Тайшэн суды үнемдеу және құрғақ жерлерде суды пайдалану мен суды басқарудың тиімділігін арттыру үшін Қытайдың озық технологиясын Қазақстанда пайдаланудың келешегі туралы ой-пікірін жеткізді. Ол құрғақшылығы бар аймақтарда су тапшылығының өсімдік шаруашылығы мен дақылдардың сапасына әсері және ішінара суару, топырақ-өсімдік-атмосфера (SPAC) континуумында суды тасымалдау және оны реттеу механизмдерін бірлесе зерттеудің маңыздылығына айырықша тоқталды.
«Құрметті Ақылбек Қажығұлұлы, осы аталған және басқа білім беру, ғылым саласындағы күрделі мәселелерді алдағы уақытта әлемнің танымал ғалымдарымен бірлесе, тиянақты ақылдасу үшін Сізді аса көрнекті ғалым, іскер ұйымдастырушы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті және аграрлық жетекші университеттің ректоры ретінде ҚАУ басшылығының атынан Пекинде өтетін алқалы жиынға арнайы шақырамыз», - деді профессор Ду Тайшэн.
Бұдан кейін мәртебелі қонақтар «Қазақстан-Қытай қуаңшылық өңірлерде суды барынша тиімді пайдалану жөніндегі халықаралық зертханасын» ашу салтанатына қатысты.
KazNARU Баспасөз қызметі