KazNARU

АЭС: ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ТӘУЕЛДІЛІКТЕН ҚҰТҚАРАТЫН ЕҢ СЕНІМДІ ЖОЛ

✅ 2024 жылдың 6 қазанында елімізде атом электр станциясын салу мәселесі бойынша референдум өтетіні қоғамда әртүрлі көзқарас туғызғаны заңдылық. Жұрттың бір бөлігі жаңа жобаның қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіреді. Осыған байланысты, АЭС салуды қолдау жөніндегі Алматы қалалық халықтық штабының өкілдері Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ұжымымен кездесіп, жаңа энергетикалық жоба бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

✅ Кездесу барысында штаб өкілдері – Ядролық физика институтының Бас инженерінің орынбасары Асхат Бекбаев, институттың бөлім басшысы Тимур Жолдыбаев, AMANAT партиясы Медеу аудандық филиалының төрағасы Азат Ажиманов, «Байтақ» партиясының АҚФ төрағасы Асқар Иманалиев АЭС салудың стратегиялық маңыздылығын, экологиялық қауіпсіздігін және экономикалық тиімділігін бүкіл қоғам болып кеңінен талқылау жүріп жатқанын алға тартты.

✅ «Соңғы жылдары елімізде жылу және су электр станцияларының ескіріп тозуы, істен шығуы, қыс айларында өндіріс орындары мен тұрғын үйлердің жарықсыз, жылусыз қалуы – экономикалық тұрақтылығымызға кері әсерін тигізетіні жасырын емес. Сарапшылар болжамы бойынша, 2029 жылға қарай 3 ГВт-тан астам электр қуатының тапшылығы орын алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, бұл экономиканы тежеп, дамуымызға кедергі келдіреді. Осыған байланысты Қазақстанда АЭС салу – жаңа энергетикалық қуат көздерін арттыру ғана емес, бұл біздің энергетикалық тәуелсіздігіміз бен экономикалық тұрақтылығымыздың кепілдігі болмақ», - дейді АЯФ Бас инженерінің орынбасары Асхат Бекбаев.

✅ Спикер еліміздегі электр энергиясының біраз бөлігі сырт елдерден, оның ішінде Ресейден тасымалданатыны, сондықтан энергияға тәуелділік бар екенін де цифрлармен бекітіп, қарапайым адамдар біле бермейтін ақпаратты ортаға салды.

✅ Іс-шара аясында қатысушылар тарапынан аталған тақырып бойынша түрлі сұрақтар қойылып, оған нақты жауаптар берілді. Атап айтқанда, болашақ АЭС қауіпсіздігі туралы мамандар пікірі қандай?

«АЭС-тің қауіпсіздігіне алаңдауға ешқандай негіз жоқ, - дейді Асхат Бекбаев. - АЭС салатын сырт елдің инвесторына қоятын негізгі шарт – станция барлық қауіпсіздік талабына жауап беретін озық деңгейлі 3+ буынына сай болуы тиіс. АЭС-тің құрылысын жүргізу барысын және толық пайдалануға берілуін Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) толық қадағалайды.

✅ «Болашақ АЭС салынатын жер қалай таңдалды?» деген сауалға Ядролық физика институтының бөлім басшысы Тимур Жолдыбаев бұл бағытта көптеген түрлі талдаулар мен зерттеулер жүргізілгенін атап өтті. Балқаш көлінің жағалауындағы «Үлкен» ауылы локациялық тұрғыда тиімді жерде орналасқан. Бұл аймақтағы тұрғындардың негізгі тіршілік көзі – балық шаруашылығы ғана.

«Ал, АЭС-тің салынуы көптеген қосалқы жұмыс орындарының ашылуына, сондай-ақ, бүкіл Жетісу, Алматы өңірінде өндіріс пен бизнестің дамуына жол ашады. Бірақ кәсіпорындарды іске қосу үшін қосымша 8 ГВт керек. Бүгінгі таңда Қазақстанның электр энергетикасының нақты қуаты 16 ГВт құрайды. Осыдан-ақ, энергияның жаңа көздеріне деген қажеттілікті түсінуге болады. Бизнес субъектілері мен ірі өндіріс орындары көбейген сайын электр энергиясына деген сұраныс өседі. Бұл барлық елге ортақ мәселе. Мысалы, Өзбекстан осындай тығырықтан шығу үшін АЭС салуға кірісті. Біріккен Араб Әмірлігі, Түркия АЭС-тің игілігін көруде», - деді Тимур Жолдыбаев.

✅ «Ал, АЭС үшін кадр мәселесі қалай шешілмек?» деген сауалға мамандар алдағы уақытта құрылыс барысына 10 мыңға жуық атом саласының маманы қажет екенін және станция іске қосылғаннан кейін 2 мыңға жуық маман тұрақты жұмыс істейтінін айтып өтті.

«Бұл үшін ҚР ЭМ Ядролық физика институты еліміздегі бірқатар ЖООлармен бірлесіп, «Ядролық физика», «Ядролық энергетикаға арналған материалдар», «Ядролық физика және атом энергетикасы» бағыттары бойынша атом саласына қажетті жоғары білікті отандық кадрларды дайындап келеді. Қазір аталған мамандықтар бойынша 1600 астам білікті кадрлар бітіріп шықты. Сонымен қатар, институтымыздың заманауи аналитикалық және сынақ өткізетін қондырғылармен жабдықталған 3 ғылыми-техникалық орталығында ядролық профиль докторанттары даярланады. Яғни, кадр мәселесінде қиындықтар болмайды», - деді Асхат Бекбаев.

✅ Штаб өкілдері халық дұрыс таңдау жасауы үшін АЭС салудың осындай артықшылықтары мен қажеттілігін түсіне білуге шақырды. Атом энергетикасы – экономикамыздың тұрақтылығын қамтамасыз етуге қабілетті ең таза және тұрақты энергия көздерінің бірі. Ең бастысы, энергетикалық тәуелсіздікке жеткізетін ең сенімді жол.

KazNARU Баспасөз қызметі

 

---------Chatbot---------
виртуальный помощник