KazNARU

ЖАҺАНДЫҚ АКАДЕМИЯЛЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҚТАҒЫ KazNARU ИНТЕГРАЦИЯСЫ

Алматы, Қазақстан - Бүгін Қазақ Ұлттық Аграрлық Зерттеу Университетінде Басқарма Төрағасы-Ректор Ақылбек Күрішбаев пен QS Орталық Азия және Шығыс Еуропа бойынша өңірлік директоры Сергей Христолюбов арасында ресми кездесу өтті. Кездесу QS халықаралық рейтингтерінің білім беруді интернационалдандыруға, жоғары білім беруді дамытудағы жаһандық трендтерге әсерін талқылауға, сондай-ақ KazNARU үлгісінде өзге де оқу орындарын зерттеу университеттеріне айналдыруға арналды.

✅QS халықаралық рейтингтерінің білім беруді интернационалдандыруға әсері

Кездесу барысында тараптар білім беруді интернационалдандыруға ұмтылатын университеттер үшін QS халықаралық рейтингтерінің маңыздылығын талқылады. Сергей Христолюбов мұндай рейтингтерге қатысу оқу орындарының әлемдік деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, шетелдік студенттер мен оқытушыларды тартуға, сондай-ақ білім беру мен ғылыми зерттеулердің сапасын жақсартуға ықпал ететінін атап өтті. «QS халықаралық рейтингтері университеттің оң имиджін қалыптастыруда және оны жаһандық аренада мойындауда маңызды рөл атқарады», - деді өз сөзінде.

Сонымен қатар, ол QS рейтингісінде KazNARU көш басына көтерілгенін, әрі бұл нәтиже халықаралық академиялық қауымдастықтың назарын аударып отырғанына тоқталды.

✅Жоғары білім беруді дамытудағы жаһандық трендтер

Кездесу аясында талқыланған негізгі тақырыптардың бірі жоғары білім беруді дамытудағы жаһандық трендтер болды. Ректор Ақылбек Күрішбаев елдегі оқу орындары заман талабына сай жаңғырып, жаңашылдыққа ұмтылып отыруы тиіс екенін алға тартты. Әрі әртүрлі жағдаятқа жылдам бейімделу, цифрландыру, интернационалдандыру және тұрақты даму сияқты факторларды ескеруі тиіс екеніне тоқталды. Сонымен қатар жаңа технологияларды білім беру процесіне ықпалдастырудың маңыздылығын, студенттерді болашақтың сын-тегеуріндеріне дайындау қажетін баса айтты.

Өз кезегінде Сергей Христолюбов бұл пікірді қолдап, жаһандық трендтер онлайн-білім беруді дамытуды, пәнаралық бағдарламаларды жасауды және зерттеу қызметіне назар аударуды қамтитынын қосты.

✅KazNARU негізінде оқу орындарының зерттеу университеттеріне айналуы

Ақылбек Күрішбаев оқу ордасының зерттеу университетіне айналу тәжірибесімен де бөлісті. Осы мақсатта оқу орнындағы зерттеу базасын нығайту, жоғары білікті ғалымдарды тарту және заманауи зертханалар құруды қамтитын университеттің даму стратегиясы туралы айтып берді. Ол мұндай тәсіл университетке білім сапасын жақсартып қана қоймай, ғылым мен технологияның дамуына елеулі үлес қосуға мүмкіндік беретінін алға тартты.

«Біз тек елімізге ғана емес, әлемге пайдалы озық зерттеулер мен инновациялық жаңашылдықтарға жол ашуды көздейміз. Әрі сол мақсатқа барынша жағдай жасауға тырысамыз», - деді ректор.

✅Нәтиже және болашаққа жоспар

Кездесу соңында тараптар ауқымды жобаларды бірлесе жүзеге асыруға күш салатынына басымдық берді. Әрі келешекте ынтымақтастық қарым-қатынасты нығайтып, елдегі оқу орындарының мәртебесін, білім деңгейін заман талабына сай дамыту келісіміне келді.

Қорытындылай келе, ректор Сергей Христолюбовқа бүгінгі сапары мен жемісті ынтымақтастығы үшін алғыс білдірді.

✅Қорытынды

Университеттің Басқарма Төрағасы-Ректоры Ақылбек Күрішбаев пен QS өңірлік директоры Сергей Христолюбовтің бүгінгі кездесуі халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға жол ашады.

QS және басқа да халықаралық ұйымдармен байланыс, оң қарым-қатынас алға қойған мақсаттарға қол жеткізуге және әлемдік аренадағы ұстанымды нығайтуға ықпал ететініне сенімдіміз.

KazNARU баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник