KazNARU БАСШЫСЫ КӘСІБИ БАҒДАР БЕРУ ЖҰМЫСЫН КҮШЕЙТУДІ ТАПСЫРДЫ
2025 жылдың 19 мамырында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры, ҚР Президенті жанындағы ҰҒА президенті, академик Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлының төрағалығымен өткен кеңейтілген аппарат мәжілісінде оқу жылының аяқталуына байланысты білім беру және ғылым саласындағы жұмыстар қортындыланып, алдағы тұрған міндеттерді бірлесе жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Бүгінде университеттің ең басты міндеті – студенттерге заманауи сапалы білім беру. KazNARU басшылығы 2029 жылға дейінгі Даму бағдарламасы аясында оқу ордасын дамыту, әлемдегі озық аграрлық зерттеу университетке трансформациялауды жеделдету, білім алушылар контигентін өсіру жолында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Оның ішінде, әлемдік деңгейдегі озық жоғары оқу орындарының тәжірибесіне сүйене отырып, білім алушылардың бәсекеге қабілетті білікті маман болып шығуы үшін оқу процестерін жетілдіріп, барлық тиісті әлеуметтік мүмкіндіктерді жасап отыр.
Нәтижесінде 2024-25 оқу жылында бакалаврға 1600 мемлекеттік грант иегерлері қабылданды. Бұл алдыңғы жылғыдан екі есеге көп. Олардың арасында «Алтын белгі», «Қызыл аттестат» иегерлері мен бірнеше тіл меңгерген алғыр жастар да аз емес. Магистранттар мен докторанттардың қатары да жыл сайын өсе түсуде. Бұл көрсеткіш университетімізге деген сенімінің нығайғанын білдіреді.
«Соңғы жылдардағы жүйелі жұмыстардың арқасында студенттеріміз заманауи үлгідегі университетте білім алып, жайлы жатақханаларда тұрып, кең де жарық аудиторияларда оқуға мүмкіндік алды. Осы жылдың аяғына дейін жаңадан 450 орындық жаңа жатақхана пайдалануға беріледі. Осылайша KazNARU Алматы қаласындағы жатақхана мәселесін шешкен жалғыз университет атанды. Мұндай жетістікпен бірде-бір ЖОО мақтана алмайды. Өздеріңіз білесіздер, Алматыдағы 40-қа жуық ЖОО-ның бесеуінде ғана әскери кафедра бар. Соның ішінде, ең ірі Әскери кафедра бізде ғана. Алайда мұны мектеп бітіруші түлектер біле бермейді. Ендігі қолға алатын негізгі шаруамыз осы – қол жеткізген жетістіктерімізді қоғамға, әсіресе оқу іздеген жас талапкер назарына жеткізу. Сондықтан, баршаңызға кәсіби бағдар беру жұмысын күшейтуді тапсырамын», - деді Ақылбек Қажығұлұлы.
Университет басшысы бұдан ары әлемнің 7 озық университетімен бірге екі дипломдық білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын, оның ішінде, KazNARU базасында «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» ҰЗУ Филиалына абитуриенттер тартуды; өткен жылдан бастап оқыту жүйесінде «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» мен «Ветеринария» білім беру топтарына қабылдауда шекті балл 50 баллға түсірілгенін; ІТ инженерия, агрономия, табиғи және су ресурстарын басқару саласында дрондарды пайдалану, Жасанды интеллект жетістіктерін оқыту және үйрету сияқты жобаларды барлық декандар мен кафедра меңгерушілері, профессор-оқытушылар құрамы кәсіби бағдар беру барысында назарда ұстауы тиісті екендігін атап өтті.
Басты мақсат – KazNARU құрамындағы факультеттерінің ерекшелігін жан-жақты таныстыру және мектеп бітірушілерге аграрлық мамандықтарды насихаттау; жоғары сынып оқушылары мен ата-аналардың ақпараттануын арттыру; университеттегі жаңаша білім беру бағдарламалары туралы мәліметтер беру; жастардың қызығушылықтары мен қабілеттеріне сәйкес кәсіби бағыт таңдауға көмектесу.
Жыл басынан бері университетімізде Алматы қаласы мен таяу облыстардың мектеп бітірушілерінің қатысумен 10 рет «Ашық Есік» күні ұйымдастырылды. Республикалық іс-шараларда 24 көрмеге университет туралы ақпараттар мен бейнесюжеттер ұсынылды. Өңірлердегі облыс орталықтары мен аудан мектептерінде Қабылдау комиссиясының мүшелері мен ПОҚ және белсенді студенттердің қатысуымен түрлі офлайн және онлайн кездесулер өткізіліп, оған барлығы 69 мыңнан аса жоғары сынып оқушылары қамтылды. Нәтижесінде 6 мыңнан аса талапкер QR-код арқылы университет базасына тіркелді. Талапкерлер арасында құжат тапсыруға ниет білдіргендер аз емес. Бұл бағыттағы іс-шаралар жалғасуда.
Жиын қортындысында Ақылбек Күрішбаев жыл сайын университетімізге облыстық әкімдердің қосымша гранттары беріліп келе жатқанын еске салып, биыл осы бағыттағы байланыстарды одан ары жалғастрырудың қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ, Алматы қаласындағы жетекші 6 ірі жоғары оқу орындарында және оңтүстіктегі (Қызылорда, Шымкент, Жамбыл, Жетісу, Алматы) облыстарындағы негізгі оқу ордаларында көшпелі Қабылдау комиссиясын ұйымдастыру; БАҚ-тар мен радио-телевидениеде, әлеуметтік желілерде кәсіби бағдар аясында университет имиджін насихаттау іс-шараларын күшейту тапсырылды.
Университет басшысы кәсіби бағдар беру жұмыстары мәселесі бойынша проректорлар мен аппарат жетекшісіне, факультет декандары мен құрылым басшыларына қабылданған тиісті шешімдердің сапалы орындалуын тікелей қадағалау жауапкершілігі жүктелетінін баса атап өтті.
KazNARU Баспасөз қызметі