KazNARU

KazNARU ҒАЛЫМЫ ҚХР ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫНДА БАЯНДАМА ЖАСАДЫ

✅ 2025 жылғы 25 – 27 маусым аралығында KazNARU «Тағам өнімдерінің технологиялары және сапасы» ғылыми-білім беру инновациялық орталығының жетекшісі, техника ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Еренова Бибипатыма Ертайқызы Қытайдың Шаньдун провинциясындағы Дэчжоу Университетінің ресми шақыруымен «Шаньдун, Ресей және Орталық Азияның аймағындағы өмір туралы ғылымдардың инновациялары мен дамуы» конференциясына қатысып: «Бақша дақылдарының жемістері негізіндегі функционалды тиімділікке бағытталған смузилердің заманауи технологиясы» тақырыбында баяндамасын ұсынды.

✅ Дэчжоу Университеті 1971 жылы құрылған және Қытайдың Шаньдун провинциясының Үкіметіне тікелей бағынатын ведомстволық толық бейінді жоғары оқу орны. Қазіргі таңда Дэчжоу Университеті интернационалдандыру стратегиясын және халықаралық ынтымақтастық іс-шаралар жоспарын белсенді түрде жүзеге асырып келеді. Әлемнің 24 елі мен аймақтан 113 университетпен және ғылыми-зерттеу мекемелерімен байланыстар орнатқан. Малайзия, Ресей, Индонезия, Корея Республикасы және Польшаның жетекші университеттерімен және ғылыми мекемелерімен магистрлер мен аспиранттарды даярлаудың бірлескен бағдарламалары жүзеге асырылады. Дэчжоу Университеті ғылыми-зерттеу ынтымақтастық мақсаттағы 9 халықаралық платформа құрды.

✅ Конференцияда биомедицина және денсаулық сақтау, синтетикалық биология және биоөндіріс, биотехнология және ақылды ауыл шаруашылығы, тағам өнімдері туралы ғылым және болашақ тағамы сияқты ғылыми зерттеу бағыттарындағы соңғы жетістіктер талқыланды.

✅ Бибипатыма Еренова өз баяндамасында смузи рецептураларында қантты қолдануға жол берілмегендігін, дәмін, иісін, түсі және консистенциясын қалыптастыруда және жақсартуда рецептураға көкжидек, таңқурай, мүкжидек, шырғанақ және шпинат жапырақтары, алма, анар, қара өрік, сары өрік және жүзім шырындары сияқты жеміс-жидек және көкөніс шикізаты енгізіліп, смузилерге функционалды бағытты қалыптасыруда дәрілік өсімдіктердің сығындылары, атап айтқанда аюжидек, салаубас, жалбызтікен, шүйгіншөп және адамтамыр сығындыларының қолданылғандығын ерекше атап өтті.

✅ Баяндама тақырыбы конференцияға қатысушылардың назарын аударып, қызу пікірталастар пен пікір алмасулар тудырды, қатысушылар функционалды сусындардың жоғары дәмдік қасиеттерін сақтай отырып, негізгі тағамдық заттардың оңтайлы теңгерімділігін қамтамасыз ететін смузи композицияларының негізгі және қосымша шикізатының бірегей комбинацияларының өзектілігін атап өтті.

✅ Қатысушылар тарапынан қауын, қарбыз және асқабақ жемістерін қайта өңдеу технологиясы, сондай-ақ бақша дақылдары жемістерінің негізіндегі функционалды бағыттағы смузиді құю, орау және сақтау әдістері бойынша сұрақтар қойылды. Нәтижесінде барлық сұрақтарға толыққанды жауап берілді.

✅ KazNARU ғалымының айтуы бойынша, қазіргі таңда бақша дақылдарының жемістері негізінде смузи дайындау тәсіліне және смузи дайындауға арналған композицияға (нұсқаларға) 2 ұлттық патент алынды. Оның технологиясы өндірістік жағдайларда сыналды және коммерцияландыруға дайын.

«Бақша дақылдарының жемістері негізіндегі заманауи смузи технологиясын коммерцияландыру әлеуетті бизнес-серіктестермен бірлесіп «Қазақстанда жасалған» белгісімен функционалды бағыттағы сусындар сериясын ендіруге, өндіруге және сатуға ықпал етеді» - дейді Бибипатыма Ертайқызы.

✅ Конференция қортындысында Бибипатыма Еренова Дэчжоу Университеті басшылығы тарапынан тұрақты даму, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықтың әртүрлі санатындағы тұтынушылардың өзгеріп отыратын қажеттіліктерін қанағаттандыру мәселелерін шешуге бағытталған технологияларды әзірлеу бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер аясындағы ынтымақтастық туралы ұсыныс алды.

✅ Әрине, конференция жұмысында ортаға салынған білім мен тәжірибе барлық қатысушылардың белсенді қызметінің ортақ жетістігі болып табылады және өзара тиімді стратегиялық халықаралық ынтымақтастық аясындағы қарым-қатынастың одан ары дамуына ықпал етері анық.

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник