АКАДЕМИКТІҢ ҰСЫНЫСЫ
ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі Е.Тұрыспековтың Қазақстандағы биологиялық әртүрлілікті сақтау мәселелері бойынша аналитикалық жазбасы.
Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы (бұдан әрі – Академия) Қазақстандағы биологиялық алуан түрлілікті сақтау жөніндегі ұсыныстарын әзірледі. Ұсыныстар биылғы жылдың 5 маусымында өткізілген «Орталық Азиядағы биологиялық әртүрлілікті сақтау мәселелері мен перспективалары» атты Халықаралық форумның нәтижелеріне негізделген, онда биологиялық әртүрліліктің Қазақстан мен Орталық Азия үшін маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Ұсыныстар Президент IV Ұлттық құрылтай отырысында атап өткен табиғатты, соның ішінде Каспий итбалығы мен қызғылт фламингоны сақтау қажеттігі туралы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған ұзақмерзімді шаралардың негізін қалайды. Президенттің Халықаралық биологиялық әртүрлілікті қорғау қорының жұмысына тікелей жетекшілік етуі – осы бағытқа деген бейілділігін айғақтайды. Мемлекет басшысының тікелей қатысуы бұл мәселенің маңызын арттырып, биологиялық әртүрлілікті сақтау ісін ұлттық басымдық деңгейіне көтеріп отыр.
Қазақстан биологиялық алуандығы бай, бірақ осал экожүйелерге ие ел болып табылады. Ел аумағында 6000-нан астам сирек және жойылып кету қаупі төнген өсімдік түрі тіркелген, олардың 387-сі, соның ішінде Шренк қызғалдағы мен Сиверс алмасы, Қызыл кітапқа енгізілген. Соңғы үш жылда Қазақстанда өсетін 24 қызғалдақ түрі Табиғатты қорғаудың халықаралық одағының Қызыл тізіміне енді. Таулы жеміс ормандарында (3800 гектар) Сиверс жабайы алмасын қоса алғанда, 130-дан астам жабайы жеміс-жидек өсімдіктері өседі. Генетикалық әртүрлілікті сақтау мақсатында Қазақстанда Орталық Азиядағы бірегей жабайы өсімдіктердің тұқымдары сақталатын банк құрылған, онда 1102 өсімдік түрінен 5740 тұқым үлгісі жинақталған. Сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарлар тізімінде 227 түр тіркелген (оның ішінде 131 омыртқалы және 96 омыртқасыз жануарлар).
Биологиялық әртүрліліктің жойылуына әсер ететін негізгі фактор – тіршілік ету ортасының бұзылуы. Оған инфрақұрылымның кеңеюі, кен өндіру қызметі және урбанизация үдерістері қосымша кері әсерін тигізуде. Климаттың өзгеруі бұл жағдайды одан әрі ушықтырып, су ресурстарының азаюына, жайылымдардың тозуына, шөлейттенуге, мұздықтардың еруіне және ауа райының экстремалды құбылыстарының жиілеуіне алып келуде.
Қазақстанда ауаның орташа жылдық температурасы әр 10 жыл сайын 0,36 ºC-қа тұрақты түрде өсіп отыр; соңғы 100 жылда бұл көрсеткіш 1,20–1,3 ºC-қа артқан. Ел аумағының 272,5 млн гектарының шамамен 180 млн гектары шөлейттену қаупіне ұшыраған. 1992 жылдан 2023 жылға дейін шөлейттенуге бейім жерлердің аумағы 25–30 млн гектарға ұлғайып, соңғы 30–50 жылда шамамен 15%-ға артқан. Арал маңы өңірі шөлейттену, топырақтың тұздануы және дефляция процестері ерекше белсенді жүріп жатқан аймақ ретінде қалып отыр.
Ел аумағында 2400-ден астам мұздық бар (жалпы ауданы 930 шаршы км), олар жыл сайынғы өзен ағынының 80%-дан астамын қалыптастырады. Соңғы 70 жылда мұздықтардың жалпы ауданы 47%-ға, ал соңғы 160 жылда 75%-ға азайған. Егер бұл үрдіс жалғасатын болса, ғасыр соңына қарай мұздықтардың басым бөлігі толықтай еріп кетуі мүмкін.
Қазақстанда биологиялық әртүрлілікті сақтау маңыздылығын түсінуге қарамастан, бұл бағыттағы тиімді жұмысты тежейтін жүйелі проблемалар әлі де бар:
• Биоәртүрлілік пен экожүйелерге цифрлық технологияларға негізделген интеграцияланған бақылау жүйесінің болмауы.
• Жануарлар мен өсімдіктердің санын және таралу ареалын есепке алу мен талдауға арналған орталықтандырылған платформа жоқ.
• ЕҚТА желісінің ауқымына қарамастан, экожүйелердің елеулі бөлігі қамтылмаған, экологиялық дәліздер жоқ.
• Аумақтық жоспарлауда ұзақмерзімді болжамдық тәсілдің болмауы.
• Институционалдық үйлестірудің болмауы, трансшекаралық экожүйелерге бірлескен саясаттың жоқтығы.
Академия аталған мәселелерді шешу үшін мынадай стратегиялық шараларды ұсынады:
• ЖИ, ГАЖ және ДЗЗ технологияларына негізделген ұлттық экологиялық мониторинг пен болжау жүйесін құру.
• Қазақстан флорасы мен фаунасының бірыңғай цифрлық кадастрын қалыптастыру және оны халықаралық платформалармен үйлестіру.
• Табиғи ресурстарды пайдалануға қатысты экожүйелік тәсілді енгізу: ЕҚТА кеңейту, тозған жерлерді қалпына келтіру, экокоридорлар құру.
• Климат, түрлер миграциясы мен ресурстық қысымға бейімделген аумақтық жоспарлау сценарийлерін әзірлеу.
• Ұлттық генетикалық ресурстар банкін құру: генотиптеу, фенотиптеу және биоинформатика платформаларымен жабдықталған инфрақұрылым орталығы.
• Орталық Азия биоәртүрлілік кеңесін құру – өңірлік табиғатты қорғау саясатын үйлестіретін орган.
Қазақстандағы биоәртүрлілікке төнетін қатерлер ауқымды және күрделі, олар антропогендік жүктемелер мен климаттың өзгеруімен тығыз байланысты. Академия әзірлеген ұсыныстар нақты әрі іске асырылуға болатын жол картасын айқындайды. Бұл шаралар Қазақстанның биоәртүрлілікті сақтау саласындағы әрекетін реактивті тәсілден проактивті және болжамды модельге көшіруге бағытталған.
ТҰРЫСПЕКОВ ЕРЛАН КЕҢЕСБЕКҰЛЫ