Абай - дана, Абай - дара қазақта!
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Ғылыми кітапханасында «Жалпы білім беру пәндері» кафедрасының аға оқытушысы Ахантаева Гүлазия Жағыпбарқызы «Ветеринария және Зооинженерия» факультетінің 1курс орыс тобының студенттерімен Ұлы ақын, композитор, философ, саясаткер, ағартушы, жазба әдебиетінің негізін қалаушы, ұлт мақтанышы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған іс-шара ұйымдастырды.
Іс-шараның мақсаты: Студенттерге ұлы кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлының шығармаларымен таныстыру. Ақынның өлеңдері мен қарасөздерін оқыту арқылы адамгершілікке, еңбекқорлыққа, адалдыққа баулып, білімге деген құштарлықтарын арттыру. Студенттердің сөйлеу, мәнерлеп оқу қабілеттерін, тіл байлықтарын, сөздік қорларын дамыта отырып, мейірімді, адал болуға, адамгершілікке тәрбиелеу.
Студенттер ақынның қаламынан туған жыр шумақтарын жатқа айтып, әндерін шырқап, күмбірлеген күй тартып, сахналық қойылым қойды. Ақынның өміріне, шығармашылығына арналған презентация, видеороликтер көрсетіп, викториналық сұрақтар дайындады. Абай Құнанбайұлы жайлы дайындалған викториналық сұрақтардың нақты жауабынан студенттердің көптеген мағлұмат алғанын байқауға болады. Іс-шарада «Абай - дана, Абай - дара қазақта!» атты кітап көрмесіне қойылған, ақынның кітаптарына шолу жасалынды.
Іс-шараға қатысқан қонақтар Ұлы Абайдың шығармаларын оқудың тәрбиенің бастауы екенін, адамның тұлға болып қалыптасуына ықпал ететінін атап өтті. Сол себептен білімге ұмтылудан, ізденуден жалықпаған жөн. Ұйымдастырылған іс-шара жоғары деңгейде өткенін қонақтар ризашылықпен білдірді.
«Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе!» дегендей, ақынның мұрасы – бүгінгі ұрпақ үшін рухани қазына.
«Жалпы білім беру пәндері» кафедрасының
аға оқытушысы Г.Ж.Ахантаева
