ҚазҰАЗУ-да “English Talent Show” байқауы өтті
2025 жылғы 28 қарашада Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде (ҚазҰАЗУ) студенттердің ағылшын тіліндегі шығармашылық қабілеттерін дамытуға арналған «English Talent Show» байқауы ұйымдастырылды. Іс-шараны Жалпы білім беру пәндері кафедрасы мен Тәрбие жөніндегі департамент өткізді.
Байқаудың мақсаты – көптілді білім беру ортасын нығайту, студенттердің ағылшын тіліндегі сөйлеу дағдыларын жетілдіру және шығармашылық әлеуетін қолдау. Қатысушылар ән айту, поэзия оқу, драмалық қойылым, сахналық көріністер және түрлі өнер бағыттары арқылы өз таланттарын көрсетті.
Іс-шараға кафедра меңгерушісі Бауыржан Сейсенбекұлы Жонкешов, педагогикалық ғылымдар кандидаты, шет тілі пәнінің аға оқытушысы Сандугаш Тулебаевна Сиргебаева, сондай-ақ профессорлық-оқытушылық құрамы мен факультеттерден іріктелген дарынды студенттер қатысты.
Кештің ең есте қаларлық сәттері – қатысушылардың ағылшын тілінде орындаған шығармашылық нөмірлері болды. Әндер, поэзия, сахналық қойылымдар және импровизация көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар арнайы әзірленген ағылшын тіліндегі викториналар ұйымдастырылып, үздік нәтиже көрсеткен студенттер марапатталды. Университет басшылығы өнерлі әрі белсенді қатысушыларға кітаптар мен мадақтамалар табыс етіп, олардың шығармашылыққа ынтасын арттырды.
Кеш соңында ағылшын тіліндегі музыкалық және би қойылымдарынан тұратын концерт ұсынылып, көрермендерге жарқын эмоция мен мерекелік көңіл күй сыйлады.




