Ветеринария және Зооинженерия факультеті студенттері Almaty Museum of Arts мұражайында саяхат жасады
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Ветеринария және Зооинженерия» факультетінің ВМ-25-17 тобының студенттері Алматыдағы алғашқы заманауи Almaty Museum of Arts өнер мұражайына барды.
Мұражайға бару студенттердің ой-өрісін кеңейтіп, тұлғаның үйлесімді дамуына үлкен әсер етеді. Сонымен қатар, бұл шара студенттерді ұлтжандылыққа, мәдениеттілікке тәрбиелейді, өз елінің тарихын құрметтеуге үйретеді және шежірелі өлкенің тарихын білу, оны сүйіп, бағалау әр азаматтың міндеті екендігін түсіндіреді.
Almaty Museum of Arts екі қабаттан тұрады.
-
Бірінші қабатта «Ұлы Дала» және «Сарыарқа» көрме алаңдары орналасқан, сонымен қатар танымал суретші Ричард Серраның «Қиылыс» туындысына арналған жеке зал бар. Сондай-ақ «Өнер көшесі», «Әл-Фараби» көпфункционалды залы, кәсіби қор сақтау орны және қалпына келтіру залы қарастырылған.
-
Екінші қабат заманауи шеберлердің экспозицияларына арналған. Студенттер Яйои Кусама, Билл Виола және Ансельм Кифер сияқты көрнекті суретшілердің туындыларын тамашалады.
Мұражайда көрме залдарынан бөлек концерттер, кино көрсетілімдер, театр қойылымдары және лекциялар өткізілетін залдар бар. Сондай-ақ балалар мен ересектерге арналған білім беру бағдарламалары да ұйымдастырылған.
Мұражайды аралаған студенттер өздеріне қажетті ақпаратқа қанығып, рухани азық алды. Сабақта олар мұражайда алған әсерлерімен бөлісіп, ойларын білдірді.
Мұражай — тарихымыздың өткені мен бүгінін көрсететін, әр ұлттың құндылықтарын паш ететін жәдігерлер мекені. Сол тарихи жәдігерлердің арасындағы отандық суретшілердің инсталляциялары мен әлемдік деңгейдегі туындылар студенттерге еліміздің халықаралық мәдени ықпалын айқын көрсетеді. Almaty Museum of Arts мәдени саладағы маңызды серпіліс болып отыр.
Біздің мақсатымыз — студенттерді өнер туындылары мен мәдени құндылықтармен, шығармашылық өнермен және туған жеріміздің мәдениетімен таныстыру. Білімді әрі тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу — біздің басты міндетіміз.
«Жалпы білім беру пәндері» кафедрасының аға оқытушысы
Ахантаева Гүлазия Жағыпбарқызы


.jpeg)
.jpeg)