KazNARU-ДА «ЗАҢ ЖӘНЕ ТӘРТІП» ҚАҒИДАТЫ АЯСЫНДА СТУДЕНТТЕРГЕ АРНАЛҒАН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
2026 жылғы 30 қаңтар күні Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде Алматы облысы прокурорының аға көмекшісі, HR тобының жетекшісі Абиров Мақсат Ержанұлы мен облыс прокурорының көмекшісі Иманалиева Аида Бахытовнаның қатысуымен «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету жұмыстары аясындағы «Заң және жастар: саналы азамат мәдениеті» тақырыбындағы ақпараттық кездесу ұйымдастырылды. Дәріс жастардың цифрлық және қаржылық қауіпсіздік саласындағы құқық бұзушылықтардан қорғану мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.
Шараға университет студенттері қатысып, құқықтық тәуекелдер мен қауіптердің алдын алу жолдары жөнінде мағлұмат алды. «Инженерлік технологиялар» факультетінің деканы Әлдібаева Ләззат Тұрғынбайқызы және әлеуметтік құқықтық жұмыс бойынша жетекші маман Иманбеков Мақсат Мукатаевич кездесудің тиімді өтуіне ықпал етіп, студенттерге алаяқтықтан сақтану жөніндегі арнайы видео материалдар ұсынды және олардың сұрақтарына толық жауап беруге мүмкіндік жасады.
Құқық қорғау өкілі Мақсат Ержанұлы қоғамға үлкен қауіп төндіретін нашақорлық пен есірткі тарату көріністеріне қарсы күрес мәселесіне баса назар аударып, жастар арасында синтетикалық заттардың таратылуына жол бермеуге үндеді. Әлеуметтік салдары ауыр осындай құқық бұзушылықтардан сақтандыра отырып, оның алдын-алу шаралары мен амалдары түсіндірілді.
Аида Бахытовна студенттерге «дропперлік» іс-әрекеттердің мәнін түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ол жеке банк шоттарын бөгде адамдарға, әсіресе 3 және одан да көп тұлғаға берудің қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін атап өтті.
Университет қабырғасында білім алып жүрген студент жастарды саналы, тәрбиелі ұрпақ болуға шақыра отырып, оларды кездейсоқ құқық бұзушылықтан, алаяқтық пен құмар ойындарға тәуелділіктен бойды аулақ ұстауға шақырды.
Шараны қорытындылай келе, жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығы атап өтіліп, осындай кездесулер студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратыны айтылды.
KazNARU Баспасөз қызметі

















