ДОСТЫҚ ПЕН ДӘСТҮР ҮНДЕСТІГІ
ҚазҰАЗУ-нің 9-шы «Ақ бота» студенттер үйінде «Зооинженерия және биотехнология» кафедрасының бір топ оқытушы профессорлар құрамы Түркімен Республикасынан келіп біздің университетте оқып жатқан студенттермен кездесу өткізді. Бұл іс шараны «6В05102 –Биотехнология» БББ –ң БТ-25-02К (Түркімен) тобының студенттерімен бірге кураторы Баймәжі Ерлік Баймәжіұлы ұйымдастырды. Сонымен қатар, бұл ісшараға кафедра меңгерушісі Құлатаев Бейбіт Тұрғанбекұлы мен факультеттің тәрбие жөніндегі декан орынбасары Спатай Нұрәділ Нұрбекұлы қатысты. Жатақханада өткен бұл тағылымды кездесу – рухани үндестік пен мәдени сабақтастықтың жарқын көрінісі болды. Университет қабырғасында білім алып жүрген түркіменстандық студенттер кафедра ұжымымен жүздесіп, өз халқының бай мұрасын таныстырды. Ұлттық нақыштағы киім киіп, салт-дәстүрін дәріптеген жастар түркімен халқының өнерін ортаға салды. Ән айтылып, жыр оқылып, ұлттық билер биленді. Кештің әр сәтінен «Өнер – ұлттың жаны» деген нақылдың шындығын аңғаруға болады.
Шара барысында тек өнер ғана емес, шынайы сұхбат та орын алды. Кафедра оқытушылары студенттердің жатақханадағы тұрмыс-тіршілігімен танысып, олардың жағдайын білді. Бұл – ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыстың нығаюына ықпал ететін игі қадам. Халқымыз «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дейді. Расында да, білім ордасындағы қамқорлық пен жанашырлық студенттің жігерін жанып, болашаққа деген сенімін арттырады.
Түркімен студенттері өз өнерлері арқылы туған елдің рухын сездірді. Ұлттық киім – халықтың айнасы, ал дәстүр – ұлттың тамыры. «Тамыры терең ағаштың бұтағы кең» демекші, салт-дәстүрін қастерлеген ұрпақтың болашағы да берік болмақ. Мұндай кездесулер жастардың бойында елжандылық қасиетті қалыптастырып, түрлі мәдениеттер арасындағы сыйластықты арттыра түседі. «Ынтымақ бар жерде – ырыс бар» дегендей, бір шаңырақ астында білім алып жүрген әр ұлт өкілінің татулығы – университет мерейі.
Кештің өн бойынан достық пен бірлік лебі есіп тұрды. Өйткені өнер – тілсіз түсіністік, жүректен жүрекке жететін алтын көпір. Түркімен халқының әуезді әні мен әсем биі қатысушылардың көңілін баурап, рухани әсер сыйлады. «Өнерліге өріс кең» дейді дана халқымыз. Осындай мәдени шаралар арқылы жастар өз болмысын танытып қана қоймай, өзге ортаға да құрмет пен сыйластықтың үлгісін көрсетті.
Бұл кездесу – тек бір күндік шара емес, рухани байланыс пен өзара қолдаудың бастауы. «Бірлік болмай – тірлік болмас» деген сөз бар. Ендеше, мұндай игі бастамалар жалғасын тауып, білім ордасындағы ынтымақ пен татулықтың туы әрдайым биік болғай.
«Зооинженерия және биотехнология» кафедрасының
аға оқытушысы Баймәжі Ерлік Баймәжіұлы