KazNARU СТУДЕНТТЕРІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК НАН КҮНІН АТАП ӨТТІ
2026 жылғы 16 қазанда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде (KazNARU) Дүниежүзілік нан күніне арналған танымдық-мәдени іс-шара өтті. Инженерлік технологиялар факультетінің «Тағам өнімдерінің технологиясы және қауіпсіздігі» кафедрасы ұйымдастырған мерекелік бағдарлама нанның қадірін ұғындыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталды.
Студенттер жасанды интеллект көмегімен әзірлеген бейнеролик арқылы нанның қазақ халқының тұрмысындағы орны мен рухани мәнін таныстырды.
Мерекелік бағдарлама күй, ән, би және театрландырылған қойылыммен жалғасты. Сахналық көріністе нанды қастерлеу, адал еңбекті бағалау және дастарқан берекесін сақтау тақырыптары көрініс тапты. Қатысушылар интерактивті ойындарда тапқырлықтары мен шығармашылық қабілеттерін көрсетті.
Кеш соңында студенттер «Студенттік өмірді сағындым» әнін бірге орындады. Бұл мерекелік бағдарламаның есте қаларлық сәттерінің біріне айналды.
Тағылымды іс-шара жастардың нанға деген құрметін арттырып, оны өндіруге жұмсалатын еңбектің маңызын және ұлттық дәстүрлердің құндылығын насихаттады.