«ҚАЛАНЫҢ ТҰРАҚТЫ ДАМУЫ: СУ РЕСУРСТАРЫН БАСҚАРУДЫҢ ҚИЫНДЫҚТАРЫ МЕН СЦЕНАРИЙЛЕРІ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМЫНЫҢ БІРІНШІ КҮНІ
2026 жылғы 25 ақпанда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде (KazNARU) «Қаланың тұрақты дамуы: су ресурстарын басқарудың қиындықтары мен сценарийлері» атты халықаралық ғылыми-сараптамалық форумның бірінші күні өтті.
Іс-шара су қауіпсіздігі мен Алматы қаласының су ресурстарын тұрақты басқару мәселелерін талқылау мақсатында ғылыми қауымдастық, мемлекеттік органдар, салалық ұйымдар және су шаруашылығы кәсіпорындарының өкілдерін біріктірді.
Форум модераторы, KazNARU Су хабының директоры Рябцев Анатолий Дмитриевич іс-шараны ресми түрде ашып, құттықтау сөзін KazNARU бірінші проректоры Ибрагимов Пірімқұл Шолпанқұлұлына ұсынды.
Пірімқұл Шолпанқұлұлы су ресурстарын тиімді пайдалану бүгінгі таңда тек экологиялық емес, сонымен қатар экономикалық және әлеуметтік маңызы бар стратегиялық міндет екенін атап өтті. Оның айтуынша, климаттық өзгерістер мен урбандалу жағдайында су үнемдеу технологияларын енгізу, су пайдалану мәдениетін қалыптастыру және ғылыми негізделген басқару шешімдерін қабылдау аса маңызды. «Әрбір тамшы су — болашаққа инвестиция» қағидасы мемлекеттік және өңірлік су саясатының негізіне айналуы тиіс екенін ерекше атап өтті.
Алматы қаласы әкімдігінің өкілі Нысаналиев Мирас Нұрланұлы Алматы қаласының тау су ресурстары стратегиялық маңызға ие екенін айтып, су үнемдеу саясаты қаланың даму басымдықтарының бірі екенін жеткізді. Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен ғылымға ерекше көңіл бөлініп, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетімен бірлесіп ғылыми-практикалық зерттеулерді жүзеге асыруға бағытталған гранттық жобалар жоспарлануда. Қаланың экологиялық күн тәртібі — ауаның ластануын азайту, көгалдандыру және экологиялық мониторингті дамыту — мегаполисті дамытудың бес негізгі бағытының бірі ретінде айқындалған.
Форумның орталық баяндамасын Финляндиядағы University of Oulu университетінің профессоры Ali Torabi Haghighi жасады. Профессор — су ресурстарын басқару және экологиялық тұрақтылық бойынша әлемдік көшбасшы саналатын финляндиялық ғылыми мектептің өкілі. Сондай-ақ, ол гидрология саласындағы ең жоғары дәйексөзге ие әлем ғалымдарының үздік 2 пайызының қатарында.
Ол «From Water Abundance to Water Bankruptcy: Cascading Socio-Hydrological Failure in Semi-Arid Regions» тақырыбында баяндама жасап, климаттық өзгерістер мен басқарушылық шешімдердің салдарынан су жүйесінің тұрақсыздануы, яғни «су банкроттығы» ұғымын түсіндірді. Баяндамада су айналымының өзгеруі, мұздықтардың деградациясы (Вахш өзені бассейні мысалында), су сұранысының артуы, жер асты суларының сарқылуы және бейімделген басқарудың қажеттілігі қарастырылды.
Профессор Ирандағы Сефидруд өзені бассейнінің соңғы 50 жылдағы тәжірибесін мысалға келтіріп, стратегиялық тұщы су қорларын шамадан тыс пайдалану жүйелік дағдарысқа әкелгенін атап өтті. Бұл үрдістер Әмудария мен Арал теңізі бассейніндегі жағдайлармен салыстырылды. Сырдария бойынша есептеулер жөніндегі сұрақтарға жауап бере отырып, ол Аралды құтқару халықаралық қорымен ынтымақтастық орнатқанын және алдағы форсайт-сессия барысында ғылыми деректер алмасуға дайын екенін мәлімдеді.
Пленарлық отырыста ЮНЕСКО аясындағы Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының өкілі Александр Кокарев Қазақстандағы тау мұздықтарының деградациясы және оның су қауіпсіздігіне әсері туралы баяндама жасады.
Алматы қаласының су шаруашылығы кейстеріне арналған сараптамалық сессияда АлматыСу, KazNARU Су хабы, Казгидромет, У.М. Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институты, Satbayev University, КазВодхоз, сондай-ақ «Almaty Water Road Map» бастамасын ұсынған Орталық Азия экологиялық зерттеулер институтының өкілдері сөз сөйледі.
Талқылау барысында қалалық су инфрақұрылымын жаңғырту, сумен жабдықтау жүйелерінің тұрақтылығы, тазартылған ағын суларды тиімді пайдалану, экологиялық қауіпсіздік және Алматы қаласының су ресурстарын стратегиялық басқару мәселелері қарастырылды.
Сараптамалық панель барысында КазВодхоздың Алматы филиалының өндірістік учаске басшысы Бейсембаев Жеңісбек Жұмабекұлы Сорбұлақ көлінің тазартылған ағын суларын мал азығы және техникалық дақылдарды суаруға пайдалану мәселесін көтерді. Ол Алматы қаласында жыл сайын 145 млн м³-тан астам ағын су түзілетінін, алайда оның едәуір бөлігі қайта пайдаланылмайтынын атап өтті. Қолданыстағы лимиттер мен нормативтік-құқықтық базаның болмауына байланысты 10 мың гектарға жуық суармалы жер пайдаланылмай отыр.
Тағы бір маңызды баяндама Казгидрометтің ғылыми-зерттеу орталығының директоры Тілләкәрім Тұрсын Адамбекқызы тарапынан ұсынылды. Ол Іле-Алатауы өңіріндегі тау өзендерінің ағындарын модельдеу нәтижелерін және климаттық өзгерістер жағдайындағы болашақ су мөлшерінің өзгерісін таныстырды. Бұл баяндама Кіші Алматы, Үлкен Алматы және Қаскелең өзендерінің болашақ гидрологиялық режимін талқылауға негіз болды.
Форумның бірінші күні ғалымдар, сала мамандары және қалалық құрылым өкілдерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстелмен қорытындыланды.
Талқылау нәтижесінде келесі бағыттар айқындалды:
-
су ресурстарын интеграцияланған басқаруды дамыту;
-
ведомствоаралық үйлестіруді күшейту;
-
сценарийлік модельдеу және форсайт тәсілдерін енгізу;
-
халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту.
Форумның бірінші күні сараптамалық диалогтың жоғары деңгейін және көтерілген мәселелердің өзектілігін айқындады. Екінші күні Алматы қаласының су ресурстарын тұрақты басқару сценарийлерін әзірлеуге бағытталған форсайт-сессия өткізу жоспарланған.
KazNARU Баспасөз қызметі
.jpeg)
.jpeg)


.jpeg)

.jpeg)
.jpeg)

.jpeg)
.jpeg)

.jpeg)

.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)